Сайт мәзірі
Free counters
|
|
Абдуллин Тайбек Кадиралиевич 1984 жылы 28 мамырда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылылында дүниеге келген. 1990-1997 жылдар аралығында Жарқамыс орта мектебінде білім алып, 1997-2001 жылдар аралығында Ақтөбе облыстық дарынды балалар мектеп – интернатында білімін жалғастырады. 2001 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің кең көлемді қазақ тілі және әдебиет мамандығына оқуға түсіп, 2006 жылы бітіріп шығады. Оқуды ойдағыдай аяқтап Байғанин ауданы,Қызылбұлақ ауылдық округіне қарасты Жаңатаң елді – мекеніндегі тоғыз жылдық мектебінде мамандығы бойынша қызмет жасайды. Жас кезінен әдебиет пен өнерге жақын Т.Абдуллин бірнеше рет аудандық көркемсөз оқу шеберелерінің байқауында, облыстық деңгейдегі тіл фестивалінде жүлдегер атанды. Шығармашылығыққа бейімділігімен, орның ішінде проза саласына орай өткен Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының шығармалар байқауында «Атамның әңгімесі» атты әңгімесімен жүлделі орынды иеленді.2012 жылдан бастап Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінде қазақ тілі және әдебиет мамандығы бойынша оқытушылық қызметін жалғастыруда. Шәкірттерге білім берумен қатар, проза жанры бойынша қалам тартып жүрген жас буын. «Қоянның ерлігі», «Аманат», «Атамның әңгімесі», «Мерген Әлия» драмалық шығарма, «Құстар қайтып оралғанда» драмалық қойылым, (жастар театры сахналады) «Орындалған арман», «Замана дерті» атты қысқа қойылымдардың авторы.
АМАНАТ.
Бүгін ұйқыдан ерте оянып, жылы төсектің астынан шыққым келмей ары-бері жаттым. Атам мен әжем жоқ, ертемен тұрып кеткен секілді. Жайлап тұрып киімдерімді іздей бастадым. Төсектің айналасында жоқ. Кеше ұйқылы-ояу қайда тастағанымды білмеймін. Жамылғы көрпенің астын төңкере бастап едім, шешем бөлмеге кіріп келді:
-Ертайжан нағып жүрсің? Ерте тұрып алыпсың ғой. – деп келесі бөлмеге өтіп, мұздатқыштан сүт құйылған кастрюлді алып шықты.
-Киімдерімді іздеп жүрмін. Апа көрген жоқсың ба? – дедім апама.
-Киімдерің телевизор тұрған бөлмеде жатқан шығар. Сол жаққа ұйықтап қалып едің. – деп ауызғы бөлмеге қарай өтіп бара жатып. – Мында жатыр киімдерің. Киініп, жуынып таңғы асыңды ішіп ал елмен қатар, – деді де жаз үйге қарай шығып кетті. Киініп алып сыртқа шықтым. Күн әлі шыға қоймапты. Аулада қыт-қыттап бір көзі соқыр әтеш жүр. Мені көріп «Мынау жүр. Абайлаңдар!» дегендей қасындағы тауықтарға ескерткендей дыбыс шығарып, қанатын қаға бастады. Әжетханаға қарай бұрыла беріп едім, қолында дәрет алатын құманы бар атам жаз үйге қарай беттеп келе жатыр екен қақырынып.
- Қара тұрдың ба? – деді де арқамнан қағып: - Ерте тұрған еркектің ырысы артық дейді бұрынғылар. Мұздай суға жуын – шайын. Ұйқың ашылады.
- Иә ата - деп бұрыла беріп едім көзім қораның алдында ерттеулі тұрған көк жорға мен қасқа атқа, оның арғы жағында аузы салбырап күйіс қайырып жатқан сары атанға көзім түсті.
- Ата! – дедім дауыстап.
- Ау балам!
- Қайда барайын деп жатырсыңдар?
- Итсигек шабуға барамыз ағаң екеуміз.
- Мен де барайыншы ата!
- Тамағыңды іш. Көрерміз. – деп жазғы үйге кіріп кетті. Атамдардан қалып қоймайын деген оймен жылдам әжетханаға барып, шалама – шарпы жуынып, жазғы үйге жүгіріп кірдім де, атам мен әжемнің ортасына дүрс етіп жүремнен отыра қалдым. Менің жаз үйге жүгіріп кіргенімді аңғармаса керек әжем шошып кетті де: - Өй, тұқымың жайылғыр! Үйге адам жүгіріп кіре ме екен. Ыссы шайға күйдір енді аузымды. – деп кейіген түр танытып. Оны тыңдап жатқан мен жоқ нанға жаңа шайқап түсірген сары майды жағып ауызға тығып жатырмын. Атам мен ағамның мен де шаруасы жоқ өзара күбірлесіп бірдеңе ақылдасып отырған сыңайлы. Әжемнің сөзінен кейін шешем де: - Мама, осы баланы тым еркелетіп жібересіңдер. Үлкен жігіт болды ғой енді. – деп шайын құя бастады. Шешемнің сөзі әжеме ұнамай қалды – ау деймін:
- Осы балада не шаруаларың бар. Менің баламда шаруаларың болмасын. Жігіт болып көріне ме көздеріңе. Тимеңдер! Менің қозым әлі кішкентай маған. – деп менің басымнан иіскеп: – Ана өздеріңнің балаларыңды бағып алыңдар. Тойып ішіп ал. Келін ана қаймақты бері жақындат. Жей ғой. – деп менің алдыма қарай дастархандағы барды ысырып қойды. Болды шешем жағынан келетін қауіп жоқ.
Ойлап қарасаңыз он төрт жастағы бала кішкентай ма? Ата-анасына қолғабыс болатын кез ғой. Бірақ әжеме кішкентай болып көрінем. Қайран әжем – ай! Мен десе отқа да, суға да түседі жаны қалмай.
Әжемнің майы мен қаймағына ыстығы қайтпаған таба нанды қосып жеп, шешемнің күрең шайын тартып тойып алдымда жантайып шай ішіп отырған атама қарай еркелей құладым. Ойым атам мен ағама еріп кету. Шәйдің буымен тер басқан жүзін көлдей бет орамалымен сүртіп отырған атама: -Ата мен де барайыншы. – дедім.
-Шаршайсың ғой балам-ау!
-Шаршамаймын. – деп атамның қолтығының астына басымды тыға бастадым. Қалай да көндіру керек.
-Қайда барам дейді – деп әжем атама қарап. Содан кейін түсінгендей:
- Қой! Бармайсың! Атаң алысқа барады. Шөлден өлесің ғой, құлыным. Мен бұртиып мұрнымның астынан күңк ете қалдым:
-Шөлдемеймін. Атам мен ағам бар емес пе қасымда?
Ағамда сөзге араласып кетті. Ағам деп отырғаным туған әкем. Ата мен әженің бауырында өскесін әкем деп мойындап көрмеппін. Үлкендердің бауырында өскесін бе, әлде тәрбие солай ма әкем де мені «балам» деп бауырына тартқан емес. Әкем үндемейтін кісі. «Ішімдегіні тауып ал керек болса» деп монтиып отыра беретін. Мінезін көрсеткен емес. Әкемнің іні – бауырларының айтуынша мінезі тентек екен. Тек ұстамды, сабырлы. Ашуланса, ашуы қатты, көпке дейін басылмайтын көрінеді. Бір сөйлеп, бір кесетін адам. Осы мінезі ұнайтын. Қолындағы кесесін болдым дегендей төңкеріп:
-Әжең дұрыс айтып отыр, Ертай. Үйге қал. Көкеңе көмектес. Қораны тазалаңдар. Қазір көкеңе көрсетіп кетемін.
Оның сөзін елеп жатқан мен жоқ қасарысып, қырсыға бастадым:
-Ата барамын. – деп ызыңдай бастадым.
Ызыңдай бастағасын атам да кесесін төңкеріп, әжеме қарап:
-Барсын. Киімдерін дайындап бер баланың. – деп әжеме бұйрық берді. Лезде қырсықтығым тарап кетті де «Урааа» деп айқайлап жантайып жатқан атамды құшақтап, секіріп:
- Әже, бол дайында. Атам айтты. – деп әжем қолтығынан көтеріп әурелей бастадым.
-Қап мынаны-ай а? Қарашы құтыруын. Тұра тұр енді. Жанымды алмай! – деп әжем үйелеп тұра алмай жатыр. – Сен шал да бірдеңені шығарып. Тыныш отырған баланы. Күн өтіп ауырып қалатын болды ғой.
-Ештеңе де болмайды. Азамат болып келе жатыр. Жер көрсін, ел көрсін. Үйрене берсін. Белі қатаяды. – деді де тұрып бара жатқан әкеме қарап: - Қадыр, суды молырақ ал. Асүйде ілулі тұрған шығар мес. Меске де құйып ал. Жаңағы шырақ тұрған шығар. Соған айт қорадағы ашамай ерді алып шығып, атанды ерттесін. Мына Ертай атанға отырады.
-Иә – деп ағам шаруалары реттеуге шығып кетті. Бір қап киімді арқалап әжем кірді де:
-Бері кел! Қырсық неме. Шәйімізді шәй қылмадың ғой – деп зілсіз ұрсып мені киіндіре бастады. Киіндіріп, ақылында айтып жатыр: - Көйлегіңді шешпе. Күн өтіп кетер. Шәпкіңді де шешпе. Кез-келген жерге отыра қалма. Жорғалап жүрген бәлелер шағып алып жүрер. Керзі етігіңді шығарып қойдым соны ки аяғыңа. Шаршасаң атаңа айт. – деді де атама бұрылып. – Шал, мына бала жолда атаннан құлап мертігіп қалып жүрмесін.
-Неге құлайды? Құламайды. – деп атам «әуп бісміллә» орнынан тұрып: - қалың киіндіре берме. Ыстықтайды. Біз дейсің бе ыстыққа шыдайтын. Шыттай болып киініп тұрған маған қарап ақ шалған мұртының астынан мырс етіп күліп:
-Бәтшағар! Болдың ба киініп? Әйдә мәрш, алдыға түс!. Ағаңа айт екі кетпенді де атанға артсын. Тез! – деп өзі шегеде ілулі тұрған сырт киімін кие бастады. Сүріне – қабына су тиіп басы қайқиып кеткен керзі етігімді киіп ағама қарай жүгірдім. Көкем екеуі атанның қасында жүр екен. Қастарына барып:
-Аға, атам екі кетпенді алсын деп жатыр. – дедім. Менің дауысымды естіп, көкем езуіндегі темекісін будақтатып маған бұрылып: - Ал керек болса! Сенде барайын деп жатырсың ба сығыр?- деп басын шайқап дауысын созып:
-Сенің орныңда болсам, жатып ұйқыны тебер едім.
-Қасен таста баламен бала болып қайтесің. Ана кетпенді алып беріп жібер. Ертерек шықпасақ, күн көтеріліп кетсе жүріс өнбей қалады. – деп көкемді кетпенге жұмсап жіберді де, маған бұрылып: - Бері кел! Мін атанға.Мені көтеріп атанның үстіне орналастырды. Одан кейін көкем алып келген кетпендерді тартпаның арасымен өткізіп, екі жағынан тартып, арқанмен шандып байлап тастады. «Не істеп жатсыңдар» дегендей сары атан күйіс қайырған күйі артына әлсін-әлсін қарап қояды. Үстінде отырған мені шыбын құрлы көрмейтін секілді. Алғаш мінгесін бе қызық.
-Ертайжанды мінгізіп қойыпты ғой. Құлыным сол жігіт болды деген осы. – деп атаммен бірге әжемде келді қасымызға. Әжеме қарап мақтанып қоямын ыржалақтап. Әжем атамды қолтықтап көк жорғасына мінгізіп жүрген әкеме қарап: - Мына баланы қарап қойыңдар, Қадыр. Ұйықтап қалып жолда түсіп қалып жүрмесін.
-Құлай қоймас. Қадыр атанның бұйдасын маған бер. Мен жүре берем. Артымыздан қуып жетерсің. Қасенге шаруаларыңды тапсырып кет. Ал кеттік. Біссіміллә! – деп атам ағама бұйрық беріп сары атанды жетегіне алып жайлап жылжи бастады. Атанның үстінде отырған мен мәзбін. Әжеме қолымды бұлғап, ыржалақтап күліп қоямын. «Жолдарың болсын!» деп әжем артымызда қала берді. Ауылдан бес жүз метрдей ұзағаннан кейін ағам атымен бізді қуып жетті.
Ауылдан шыққанымызға екі сағаттың жобасы болды. Күн арқан бойы көтеріліп енді қыза бастаған еді. Даланың таңғы ауасы көкірегіңді тазалап, өкпеңнің екінші тынысын ашып, кеудеңді жарады. Аспан шайдай ашық. Бірен-саран бозторғай шырылдап, таңғы ауаны әдемі әнімен жаңғыртып, аспан әлемін әдемі бір күйге енгізгендей көрінді маған. Бұрын-соңды алыс далалық жерге шығып көрмегесін бе балалық көңілім әр нәрсені қызықтап, кеудемді қуаныш кернеп келе жатқандай. Оның үстіне астымдағы сары атанның жүрісі қызық. Құдды бір құрғақта жүзіп келе жатқан кеме секілді. Толқып, жұмсақ жүрісі анау атамның көк жорғасының жүрісіндей тықылдақ емес, адамға жайлы көрінеді. Көк жорғаның жүрісі тақымыңды қажап, құйрығыңды ауыртады. Ал сары атанға мінген кездегі айырмашылық жер мен көктей. Өзіңді тақта отырған патшадай сезінесің.
-Биыл саршұнақ тышқан көп екен – ау. Бағанадан бері байқап келемін. Шидің түптерінде, анау құмақ жерлерден көрініп қояды. Қыс кеш түседі ау осы.
-Мүмкін. Көкте қалың шығыпты. Қалыңдаған сайын құрт-құмырсқа, тышқан секілді жәндіктер көбейе түседі емес пе?-деп ағам сөзге араласты.
-Оның дұрыс. – деп атам жөткірініп. Әңгімесін басқаға бұрып: - Кешегі уақытқа дейін мына екі Үкілінің бауырайында тырбық жусан көп өсетін еді. Жауын көп жауған жоқ. Еркек шөп пен бидайық қалың басыпты бауырайын. Бұл жақсы нышан. Ірі қараның таза жайылымы болыпты.
-Жалғыз Үкілі емес, Құсмұрынның қыраты мен бауырайы да осылай қалың өскен деп жатыр. Кешегі де Сәкен шалды көргем. Сол кісі де айтып отыр. – деп астындағы қасқаның сауырын тобылғы қамшымен сыпай түсіп: - Шамасы шөп шабуды бастамақ секілді.
-Сәкен жылда ерте бастайды шөп шабуды. Жердің шұрайлы жерін білсе Сәкен біледі. Еее, жастайынан шаруаға епті, әбжіл болып өсті. – деп көк жорғасын керзі етігінің тақасымен екі қабарғасынан тепкілеп қояды. Көк жорғада тепеңдеп кішкене адыммен қасқа аттан қалысар емес. Жүрісі де қызық. Тық-тық жылдам жүреді. Сары атан маң-маң басып сол ауылдан шыққан қалпында. Осы жүрісімен көк жорғаның ізін өкшелеп аяғын басып кетердей. Күйісін қайтарып, біресе шығарып, біресе жұтып, тұмсығына қонған шыбын – шіркейді басын сілкіп үркітіп жүріп келеді.
Кіші Үкілінің теріскей тұсын айналып өтіп, жазықтыққа шықтық. Теп-тегіс жазық жер. Қалың шөп. Футбол алаңы секілді. Табиғат ананың мұндайда кереметі болады екен. Жазықтықтың бітер тұсында көз ұшында үлкен тау тұр. Бұл - Үлкен Үкілі. Кіші мен Үлкен Үкілінің ортасындағы бұл жазықтықты Үкілінің жазығы деп атайды. Екі Үкілінің ортасы қозыкөш жер.
Үкілінің жазығын қиып өтетін үлкен қара жолға түсіп біраз жүрдік де, оң жаққа кететін сүрлеуге түстік. Бір шақырымдай жүргеннен кейін үлкен сайға құлайтын тұсқа келгенде атам артына бұрылып маған:
-Бәтшағар, барсың ба? – деп кеңк-кеңк күліп: - Үнің шықпай қалыпты ғой а?
-Бармын. – деп мен ыржың ете қалдым.
-Шөлдедің бе?
-Жоқ ата!
-Шөлдеген шығарсың. Қадыр, Ертайжанға мына су құйған құтыны алып бер. – деп ерінің қасына байланған терімен қапталған құтыны алып ағама беріп жатып: -Сайдың ернеуінің оң жағында көне соқпақ болу керек. Шөп басып кеткен шығар. Сол соқпақ апарады Қыземшектің қыратына. – деп қамшысымен нұсқап: - Қадыр, сен алдыға түсе бер. Соқпақ сайға түсірмейді жағалатып апарады.
Ағам құтыны алып беріп «шу» деп тебініп қасқамен алдыға түсе берді. Сары атанды жетегіне алып атам көк жорғамен ағамның ізіне түсті. Көне соқпаққа түскеннен кейін ағам қайта-қайта жерге үңіліп қарағыштай берді. Атам ағамның қимылын байқап келе жатып:
-Немене Қадыр аттың аяғына бірдеңе болды ма? Тартпаң үзіліп кетті ме?
-Жоқ. – деп қасқаның басын іркіп атама бұрылып. – Жәй мына қаптаған іздерге қарап келе жатқаным. Бір қора қойдың ізі сияқты.
-Қойдың ізі емес, Қадыр. Отар киіктің ізі ғой. Іздердің бағыты Үкіліге қарай кетіпті. Соған қарағанда суға құлаған ғой таң ата. Жарықтықтар күндіз суға құлай алмайды. Аң-құс, адам қасқыр ішкізбейді үркітіп. Түнде, таңға таман су ішетін болғаны ғой - деді де төс қалтасындағы күміспен қапталған шақшасын алып, ердің қасасына бір-екі ұрғылап, сары бұйра насыбайды ерніне күректей алақанымен салды. «Киік» деген сөзді естіп мен де елеңдеп алдыға қарай еңкейіп:
-Қайда ата? Қайда киік?
-Отыр жыбырламай Ертайжан. Аунап құлап кетерсің. Киік жоқ әншейін іздері ғой. – деп атам жылжи берді.
Шетірлі сайының жиегімен жүріп отырып, Қыземшектің қыратынан келіп шықтық. Міне, саған керемет. Аузым ашылды да қалды. Алдымда кішігірім жеті тау тұр. Бір-бірінен аумайды. Одан әрігеректе аппақ тау. Таулардың арасына кілем жайып тастағандай. Сары, жасыл түсті. Таң қалғаным соншалықты ағамның «түс жерге» деген сөзінде елемегенмін. Ағамның қатты дауысы шыққан кезде селк ете қалдым. Тоқтап түсіп жатқанымызды сол кезде байқадым. Ағам жерге түсіріп қолыма қайыстан жасалынған тұсауды қолыма ұстатып:
-Атаңа апарып бер. – деді. Тұсауды алып атамның қасына бардым. Қолымдағы тұсауды алып көк жорғасын тұсаулап жатыр.
-Ата – дедім аппақ тауға қарап.
-Ау!
-Бізде мынадай аппақ тау бар ма?
-Аппақ тау. – деп көк жорғасын тұсаулап, тартпаны босатып жатып: - Аппақ тау емес, борлы тау.
-Борлы тау?!
- Ие, борлы тау. Ауылда әжең ошақты немен ақтайды?
- Ақ балшықпен.
- Сол ақ балшықты осы борлы таудан алып келеді. Түсіндің бе? – деп мұрнымды тартқылап маған қарады. Мен түсіндім дегендей басымды изедім. Атам күліп: - Түсінсең болды. Ағаңа барып кішілеу кетпенді алып менің соңымнан жүр.
Кетпенді алып атамның соңынан ере жөнелдім. Жүз метрдей жүргеннен кейін атам тоқтады.
- Бері кел, балам! – деп үстіндегі тозығы жеткен, өңі кете бастаған бешпентін шешіп: - Міне, мынау итсигек деген өсімдік. Итсигекті тамырымен жұла алмайсың. Тамыры тереңде жатады. Сондықтан былай шабады. – деді де қолымдағы кетпенді алып, түбінен шауып көрсете бастады. Кетпеннің жүзі өткір ме, әлде атам епті ме итсигекті баудай жапыра жөнелді. Мұрты мен бірге әжім басқан жүзі қоса дірілдейді. Тұқшыңдап қояр емес. Мен бақылап тұрмын. Атам әрі-бері шапқаннан соң белін жазып, қолындағы кетпенді менің қолыма ұстатып: -Ал, батырым, енді шаба бер! Қайратыңды көрейін. – деді күлімсіреп. Үстімдегі жейденің жеңін шынтағыма дейін қайырып, екі алақанға түкіріп, атам көрсеткендей итсигекті шабуға кірісіп кеттім. Атам қасымнан екі елі қалмай маған көрсетіп үйретіп жүр. Минуттар өтер өтпестен шып-шып тер шыға бастады маңдайымнан. Оған қарап жатқан мен жоқ, итсигекті баудай түсіріп жатырмын. Шауып түсірген сайын атам «міне, азамат», «бәрекелді» деп мақтап қояды. Мақтаған сайын маңдайдан, жота-жотадан аққан терді, екі қолдың шаршағанын ұмытып жұмыстың қызығына берілгенім сондай атамның «демалып, беліңді жазып ал» деген сөзін естіген кезде тоқтадым.
-Үйрендің бе? – деп қолымдағы кетпенді алып, ағам жаққа қарап: - Ағаңда өндіріп тастапты көрдің бе? Енді былай. Қазір анау жатқан кенеп сүйретпені алып кел. Мына шабылған итсигекті жинастырып бір тақыр жерге үйеміз. Жүгір. Жылдамдат. – деді де күректей қолын көзіне көлегейлеп аспанға қарап: - Күн де едәуір көтеріліп қалыпты. Ысып кетсе, өзімізге қиындау болады.
Бағанағы түскен жерімізге барып кенеп сүйретпені алуға бардым. Көк жорға мен қасқа ат жерден бастарын алмай көк жусанды бырт-бырт үзіп жайылып жүр. Сары атан шөгіп жатыр. Ештеңемен шаруасы жоқ.
Кенеп сүйретпені алып атама келдім. Атамның көрсетуімен жерге жайып, шабылған итсигекті кенеп сүйретпенің үстіне жинастырып салып, тақыр жерге апарып үйе бастадық. Жаңбыр тимеген жер болғасын ба сүйреген сайын көк шаң әуеге көтеріліп, көзіңді ашытады. Оның үстіне итсигектің ащы иісі бар. Ағам да біршама шауып өндіріп тастаған екен. Үшеулеп жүріп тасып үйіп, сәл тыныс алуға отырдық.
-Ата! – дедім бұрылып. Атам басындағы қысы-жазы тастамайтын тақиясын шешіп, тер басқан тақыр басының терін сүртіп отыр екен: - Итсигекті не үшін шауып жатырмыз?
-Итсигекті дейсің бе? – деп атам терін сүртіп болып, тақиясын киіп: - Итсигектен сабын жасайды балам.
- Сабын?! – деп мен таң қалдым.
- Ие, сабын. Үйдегі әжең жасаған сабынды көрдің бе?
- Көрдім.
- Сол сабын осы итсигектің күлінен жасайды. Қазір шабылған итсигекті өртеп, жанып болған соң күлін суытып қапшыққа саламыз.
-Сабынды қалай жасайды сонда?
-Ммм. Ертең қыста соғым соямыз ба?
- Соямыз.
- Етін жейміз бе?
- Жейміз.
- Сол соғымның етінен арылған сүйектерін әжең қыс бойы жинап қояды далаға, итке тастамай.-деп күмістей мұртын сипап әңгімесін жалғастырды: - Сабын жасау қиын шаруа. Алдымен әжең қыс бойы жинаған соғымның сүйектерін қайнатып, майын алады бөліп. Содан кейін сен шапқан итсигектің күлімен майды араластырып тағы қайнатып сабын шығарады. Сабынды домалақтап, содан кейін сенің үстіңдегі кіріңді жуады әжең. Түсіндің бе?
-Түсіндім. – деп атамның көлеңкесіне қарай жантайдым.
-Бірақ – деді атам: - Сабын жасайтын адамның тәні мен жаны таза адам болуы керек. Әйтпесе қайнатылып жатқан сабынның басы бірікпей, іріп, еңбегі далаға кетеді. Сабын жасау үшін үлкен шыдамдылық пен ептілік керек. Қай істің де өзіндік қиындығы бар балам. Солаааай. – деп дауысын созды да аспанға қарап ағама бұрылып: - Қадыр, күн бесінтіге жақындап қалыпты. Итсигекті өртей бер. Ертерек суысын күлі. – деді де маған: - Ертайжан, қолымнан тартып жібер. Намаздың уақыты жақындап қалыпты. Дәрет алайын. Сен жүр. Қолыма су құй.
Атамды қолынан тартып тұрғызып соңынан ердім. Қолына су құйып, дастархан дайындауға кірістім. Атам әрігерекке барып намазын оқи бастады. Әжемнің дорбаға салып берген тағамдарын үлкен кенеп майлықтың үстіне қойып атам мен ағамды күтіп отырмын. Күн көтерілген сайын ыси бастағанын енді білдім. Шетірлі сайының табанынан салқын желдің лебі анда – санда жетеді. Ағам жаққа қарасам итсигекті өртеп болып қалыпты. Тек жан-жағына шашылып қалғандарын жинастырып лапылдап жанып жатқан отқа тастап жүр. Атам намазын оқып болып Шетірлінің сайына қарай қарағыштап:
-Ертайжан көзің жетеді ғой.-деп қасыма келіп отырып жатып: - Мына сайдың етек жағында бірдеңе жүр ме? Қарашы.
- Қайда? – деп орнымнан тұрып атам нұсқаған жаққа қарадым. Ештеңе көзге шалынбады: - Ештеңе көрінбейді ата.
-Анықтап қара. Анау бір тобылғының қасындағы жыраға қарай кетті. Осы араға келгеннен бері көзіме түсіп қайта – қайта. Мына қырдың етегіне дейін келіп кейін қайтып кетеді. Көріне ме?
-Жоқ. Көрінбейді.
-Көрінбесе отыр. Кел, ауқаттанып алайық. Көзіме солай көрінген шығар. – деп атам «бісмілләсын» айтып астан ала бастады. Мен де отыра кетіп, тоңазыған етті алып асап жатырмын. Ағамда келді жуынып – шайынып дастарханға отырды. Оттың айналасында жүргесін бе түрі түтігіп, қарайып кетіпті. Етігінің қонышынан өткір бәкісін алып, етті ұсақтап турап атам отыр. Асты аузына салған сайын екі көзі сай жаққа қарап қояды. Ағам термостан ыстығы суи қоймаған шәйді кесеге құя бергені сол еді, сай жақтан көзін алмай отырған атам: - Міне жақындады. Қадыр қарашы. – деді атам.
-Қайсы? – деп ағам атам нұсқаған жаққа қарап: - Киік қой мынау.
-Бәсе айттым ғой. – деді атам: - Бұл неге қайта-қайта келгіштеп жүр бұл араға? Бұл уақытта лақтары өсіп кететін еді. Осы араға дейін келіп-кетіп жүр. Құлап қалады ауық-ауық. Жаралы емес пе екен? Анау жыраға кіріп, қайтадан шығып осы жерге келеді. Бірдеңеге ұрынған - ау шамасы.
-Жараланған секілді әке. – деді киіктен көзін алмай тұрған ағам: - Әзер жүріп барады.
-Солай секілді. – деп атам алдындағы бір кесе шайын ішіп болып кесесін төңкерді де бетін сипап бата етіп тұра бастады: - Бағыты сол жыра. Неде болса бірдеңе болған шығар? Әйтпесе киік дегенің адамды көрсе алыстан қашады ғой. Бір гәп бар. – деп шәйді үрлеп ішіп отырған маған: - Жүр, Ертайжан. Барып қарап қайталық. Оған дейін өртенген итсигектің күлі де түсіп суып қалар.
Екеуміз көк жорғаға міңгесіп жыраға қарай тарттық. Артына міңгескен менің ішім көк жорға жүрісін жылдамтатқан сайын солқ – солқ етеді. Әудем жерге барғасын тақымым терлеп, қажала бастады. Әне-міне дегенше жыраға жетіп бардық көк жорғамен. Бір топ тобылғы өскен жері жыраның төмен қарай тегістеліп сүрлеу болып қалған. Көк жорғаны тұсаулап жырадан төмен түсе беріп едік сүрлеудің ернеуінде бағанағы біз көрген киік жатыр. Басын төмен қарай салып, жерден көтере алмай ауыр демелатын секілді. Бізді көріп серпіліп тұра қашуға да шамасы жоқ. Атам жайлап жақындап еді, көзін төңкеріп бір қарады да, басын жерге қойып жата кетті. Енді байқадық. Киіктің мойын тұсынан қан ағып, төсі мен алдыңғы аяқтарын жуып кетіпті. Сауыры да дәл сондай. Атам айналып бір қарап шықты да:
-Мойны мен алқымы құрттап кетіпті ғой. Құрттар кеулеп жеп тастапты, жарықтық. Ойып тастапты – ау. – деп атам әлсіреп жатқан киікті қырынан жатқызып: - Емдеуге де, союға да келмейді. Қалай ғана шыдадың екен а? Аналық киік екен. Қап! Лағы сорлап қалды-ау!
Жақындап қарап едім, шыныменде киіктің қан ағып тұрған жері құдды бір қазанда қайнап жатқан су секілді бүлк – бүлк етеді. Бірнеше жерден тесілген терісі. Терінің астыда жыбырлап жатыр. Ісініп кеткен. Демі қысылып шығып, денесі дір-дір етеді. Дөңес біткен кеңсірігінің үстіне қанның жұғындарып қатып қалған. Кең танауы қусырылып, біресе ашылып әрең дем алдырып тұр. Көзіне көзім түсіп кетті. Жүрегім дір ете қалды. Не деген сұлу көз! Көзінің ағы жоқ мөлдіреген қап-қара. Жалынып тұрғандай көрінді маған. «Аяушылық білдірші» дегендей. Осыны атам байқады ма, әлде жай айта салды ма:
-Ертайжан, көзіне қарама. – деді атам: - Дәм-тұзы таусылған екен жануардың. Мазасын алмайық түрткіштеп. Жүр қайталық. Екеуміз киіктің қасынан қозғала беріп едік, лақтың ба, қозының ба дауысындай жіңішке маңыраған дауыс шықты. Жалт қарадым. Аналық киік жатқан жерден үш метрдей жердегі жыраның қуысында тыпырлаған дыбыс шықты.
-Лағы бар екен.- деп атам кейін барып жыраның қуысынан киіктің сүп-сүйкімді лағын алып шықты. Атамның қолында тыпыршып, жіңішке дауысымен барынша маңырай бастады. Аналық киіктің жанында тұрған едім. Лағының дауысын естіген кезде басын көтермек болды да әлі келместен мекіренген күйі сылқ еткен күйі жан тапсырды. Көзіне тағы көзім түсті. Көзінен бір түйір мөлдір тамшы жас домалап түсіп, шаң басқан майлы топыраққа сіңіп жоқ болды.
-Лағының алдыңғы аяғы жіліншігінен морт сыныпты. – деді атам: - Жарықтық, лағы жүре алмаған соң тастап кетпей қасында жүргені мынадай жарақатымен. – деп терең күрсініп отыра кетті. Сары лақтың сынған аяғын жайлап ауыртып алмайын дегендей сау аяғы жағына қарай алдына жатқызды. Сүйкімді лақтың да көзі мөп-мөлдір, кіршіксіз тұнық. Аяғын ауырсынатын секілді.
-Жарықтық – ай! – деді күрсініп атам өліп жатқан аналық киіктен көзін алмай: - Төрт аяқты жыртқыш пен екі аяқты адам жыртқыштарынан қорлық көріп, жараланып, адамдардан көмек сұраған екенсің – ау! Жаратушы Ием сені бізге қарай айдаған екен ғой. Лағының жүре алмайтынын біліп, өзінің өлгелі жүргенін сезіп, біз жүрген жаққа қайта-қайта келіп жүргеніңді енді түсіндім.
-Жаңа киік жылады ғой, ата! – дедім.
-Жылады дейсің бе? Жыламай қайтеді Ертайжан. Ананың баласынан айырылуы оңай емес қой. Баласын сенімді жерге тапсырғандай алаңсыз кетті Жаратушысына. – деп атам қолында жатқан лақтың басынан сипап: - Бір – екі ай болған жасына. Әлі кішкентай. Шамасы отар киіктер үркіп қашқан кезде жыраның осы тұсында құлап сындырған сияқты. Екі – үш күндей жатып қалған ба қалай? Сынған жері домбығып ісіп кеткен. Енесі кете алмаған лағының қасынан. Қорғаштаған түрі. Жаратушы Ием бұл мақұлықтарға тіл бермесе де, ақыл мен жүрек берген. Жүр, балам, тұрайық. Шаруамызды бітіріп қайтайық ауылға. – деп орнынан тұрды. Атам лақты алдына өңгеріп мен міңгесіп ағама қарай тарттық. Келсек ағам итсигектің күлін қапшыққа салып, атанға артып жатыр екен. Бізді көріп:
-Әке, көп айналдыңыздар ғой, – деді де атамның қолындағы киіктің лағын көріп: – Бұны қайдан ұстап алдыңыздар?
-Жаңағы біз барған жырадан. Бағанағы аналық киік екен. Өліп қалды. Лақтың аяғы сынған. – деді атам.
-Енді не істейміз?
-Не істейтіні бар? Аманатқа қиянат жасамас болар. Аң болса да, Алла Тағаланың тірі мақұлығы. Ауылға апарып емдеп, сынған сүйегі біткесін күзге таман үйіріне апарып қосамын. – деді де атам маған қарап. – Ертайжан атанға отыр. Лақты алдыңа ал. Қадыр, мына лақты қапқа абайлап салып мойынын шығарып байла. Қылғынып қалмасын. Ал, кеттік. Бісміллә! – деп көк жорғасына мінді. Ағам лақты қапшыққа салып алдыма берді де, шөгіп жатқан атанды тұрғызып, бұйдасын атама ұстатты. Күн екінтіге жақындағанда ауылға бет алдық. Атам мен ағам алдыда қатар кетіп барады. Бағанағыдай емес сүйкімді лақта қарсылық білдірместен менің алдымда тұп-тұнық мөлдір көздері жасаурап, еріксіз «көндім» дегендей басын төмен түсіріп, ердің қасына тіреп жата кетті.
Жол бойы көз алдымнан аналық киіктің көзінен домалап түскен тамшы жас пен соңғы рет мекіренген үні құлағымнан кетпеген күйі тұңғиық ойдың құшағына еніп кеткенімді сезбедім.
Абдуллин Тайбек Кәдірәліұлы .
| |