Сайт мәзірі
Free counters
|
|
Азова Рита Халыққызы 1988 жылы Қарауылкелді ауылында дүниеге келген. 2006 жылы Т.Жармағамбетов атындағы орта мектепті үздік аяқтады. 2010 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын аудандық «Жем-Сағыз» гаезтінде тілші, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы қызметін атқарды. Қазіргі таңда аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы. Шығармашылыққа бейім , әдебиетке жақын Р.Халыққызы бала күнінен жыр байқаулары мен сайыстарға қатысып, бірнеше өлеңдері баспасөзде жарияланды. Ақтөбе облысы тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен шыққан «Жастық шақ жырлары», «Аңсау» атты облыс ақындары мен жазушылар жинақтарына өлеңдері енгізілді.
ІЗГІ НИЕТТІ АНА
Не деген ана махаббаты десеңізші!? Бала үшін өмірдің ыстығына күйіп, суығына төзіп, жүрегіңді ауыртқан өмірдің әр өткелі жылы жүзіндегі тарамдалған әжім іздерінен сайрай айтады-ау...
Жаз мезгілі болатын. 5-шіні бітіріп, жазғы демалыста анам қайда барса, сонда барып, мен де соңынан қалмай балалықтың ерке күндерін басымнан өткеріп жүрген кезім. Былайғы уақытта емен-жарқын жайдары жүзінен жылу есетін апамның қабағы сол күні солыңқы тартып жүрді. Мен ұйқыдан тұрғанда танауыңды қытықтайтын тары мен ыстың иісі бүгін сезілген жоқ. Қазан қора жақ тыныш. Таңғы шәйдан соң апам жолға жинала бастады. Қасында мен, екеуміз 3 км қашықтықтағы темір жол вокзалына жаяу тарттық.
-Баланы алып келем!, - деді апам бір мезгілде, өзінен-өзі күбірлеп. Тап қазір не ойлап келе жатқанын білмесем де оның еңсесін ауыр ойлар басып келе жатқанын сездім.
«Мм ...» деймін ішімнен... «Сағызға барамыз».
Осыдан бір жеті бұрын болмашы ұсақ-түйек кикілжіңнен соң жеңгем інімді алып, төркініне тайып тұрған.
Қуанып кеттім. Сағызда нағашы апамның да үйі бар, бөлелеріммен еркін ойнайтын болдым, оның үстіне барған сайын беретін нағашы апамның сыйлығы тағы бар.
Кенет, қуанышты сезімді бір белгісіз сезім торлап, еңсем түсіп кетті.
«Апам деймін да,.. қызық осы... Отбасының ыдыс-аяғының сылдырына шыдамай өзі кетеді екен, соңынан қуып не керек? Қашқан келіншектің соңынан үлкен басын кішірейтіп, тұра ала жөнелгені қалай? Анам кінәлі емес еді ғой?»
Мұның бәрі ішкі ойым, оны сыртқа шығаруға әсте болмайды. Анам бізді ондай әңгімелерді айтуға ұят болатынын сол кезде санамызға сіңіріп қойған.
Не керек, пойызға отырдық. Баламын ғой, пойыздағы дала көрінісі, жол үстіндегі ойлар, өзімнің армандарым, қиял бейнелерім... Болашақтағы анамды үлде мен бүлдеге орап, шаршатпай өз көлігіме отырғызып, той-томалағына апарып жүрген кезімді ойша елестетем. Пойыз болса, діттеген жеріне өзінің дауыс екпінін тарсылдатып, зулап келеді. Не керек, Сағыз стансасынан түсіп, бірден құда-құдағайдың үйіне бардық. Әңгіме де ұзаққа созылмады.
«Сізге артар кінам жоқ, өзі келсін» деген сарындағы әңгімелерді бұрқыратып жатыр. Әңгіме ауаны бұзылып, ортаға құда қосыла бастады. Дауыстар да өршіп барады. Жеңгемнің төркінінің ауласында тұруға әрі қарай дәтім шыдамады. Анам мен Ағам үшін намысым жібермей, ызадан булығып, ауладан шығып кете бардым.
Жылап келем... Қозы бағым жерге келгенде артыма қарасам Анам келеді екен.
-Неге жылайсың, жылама, қазір апаңның үйіне барамыз.
-Сөйтейікші...
Көзімнің жасын сүртіп, қуанып кеттім. Маған тап қазір анамның да жағдайы нағашы апамның үйінде жасалатыны ұнап тұр. Әйтпесе, көңіл-күйі оның діріл қаққан қолынан – ақ ұғылып тұр.
Анамның қолынан ұстап, қуана басып нағашы жездемнің үйіне тартып кеттік. Асыр-сала ауласында ойнап, тәтті-дәмдіні жеп, сол күнім жақсы өтті.
Келесі күні түс әлетінде ауылға қайтуға пойызға келдік. Вагонға міне бергенімізде, Нұр інімді алып саудагерлердің арасын бұзып-жарып жеңгем келе жатқанын көзім шалды. Анам сөйлесті ме екен, әлде бізбен ауылға қайт ма?
Жүрегім шым етті...
«Атырау-Ақтөбе жолаушылар пойызы 5 минуттан кейін бірінші жолдан жүріп кетеді», - деген вокзал кезекшілерінің даусы шығып жатыр. Мен вагонға ендім де, анам есіктің алдында қалып қойды. Ішімнен інімді ауылға алып кетсек қой деп тілек тілеп тұрмын. Анам да келініне жалынып, «Қарағым баланы бер, әкесін де сағынған шығар,»- деп жатыр. Шамасы телефонмен сөйлесіп қойған-ау дедім. Әйтпесе, кешегі әңгіме аяқсыз қалған. Анамның жалынышты халін тыңдағым келмейді, бір жағынан жүректің тәтті бөлшегі - бауырымды ауылға алып кетсек қой деген де ой қылтиып, іштей тілей бердім. Анам жалынған сайын, көзімнен еріксіз жас ытқып, булығып жылай бердім.
Бір кезде келін мен ене әңгімесіне адуынды ірі денелі қараторы келген жолсерік әйел араласты:
- Қарағым, үлкен кісіні не мазақ қылып тұрсың, баланы бермесең неге әкелдің, пойыз жүреді, есікті жабам, берсең бер, бермесең қой! – деді зілді дауыспен.
Құлағыма «Жолаушы азаматтар, сақ болыңыздар!» деген кезекші ханымның саңқылдаған даусы естілді. Пойыз жылжып жүре бастады. Билетсіз мініп, купе вагонның ұзын дәлізінде тұрған мен артыма қарадым.
Анам... Анам мен бауырым! Қиналыстан шыққан көз жасы енді қуаныштың жасына айналып, денедегі қорқыныш сейіліп, еңсем жеңілдей түсті.
Жылап тұрмын, жылап тұрмын...
Шаршаңқы жүзінде қуанышты леп жүріп өткен анам мені жұбатып:
-Қой жылама, жылау- жаман ырым. Мә, бөпеңді ал!- деп бауырымды құшағыма берді.
Пойыз болса бір жетіден бері көрмей сағынған кішкентай інімді қолыма алған алып-ұшқан қуанышты сезімді еселей түсіп, екпіндеп жүрісін жылдамдатып жүре берді, жүре берді...
Осы оқиға одан кейін жиырма жыл өтсе де санамда жатталып, көз алдымнан әлі кетпейді. Қазір ештеңе болмағандай жеңгем де біздің әулеттің бір шаңырағын ұйытып отырған орта жастағы әйел.
«Немере жаннан тәтті» дейтін қазақтың мәтелі бар ғой. Дегенмен анамның үлкен басын кішірейтіп, ақ жаулығымен жас келіншектің алдына иілгені болашақтағы бір жанұяны сақтап қалудың амалы ма іспеттес көрінеді. Неге, тек баланы сұрады?.. Анасы баласының артынан міндетті түрде келетініне көзі жетіп, көрегендікпен жасады ма?! Білмеймін, әйтеуір, Анам көркем мінезімен ақ жаулығының алдында адалдық танытып, біздің әулеттің талай қиындықтарына төзе берді, төзе берді...
Төзіп келеді...
Рита Халыққызы.
| |