Басты бетке     Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі      VKontakte facebook instagram Кіру       


Сайт мәзірі  


















































Іздеу:
 
free counters
Free counters

Тобық Жармағамбетов

Жармағамбетов Тобық Мырзағұлұлы 1934 жылы Жарқамыс ауылында туған. Жазушы. 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1957-59 жылдары Жарқамыс орта мектебінде мұғалім, 1959-73 жылдары Байғанин аудандық «Жаңа өмір» газетіне жауапты хатшы, редактордың орынбасары, Ақтөбе телевидениесінде аға редактор, бас редактор болды, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде, облыстық мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамында қызмет атқарды.

Тобық Жармағамбетов шығармашылық қызметін 50-жылдардың аяғында бастады, ол нағыз талантқа тән тереңдікпен, ойшылдықпен, сыршылдықпен қалам тербеп, уақыт, заман талабына сай салиқалы ой, салмақты жүк арқалаған шығармалар жазды. Үлкен бір повеске пара-пар «Отамалы» әңгімесі қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл мұра болып қалды. «Ақ жауын» повесінде 30-жылдардағы қиын кезең туғызған халық қозғалысын, сол кездегі жіберілген өрескел қателіктерді батыл ашып көрсетті, «Бәйтеректің жас шағы» повесінде халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің өмір жолының кейбіт сәттерін оқырманға шебер суреттеу арқылы жеткізді. 60-жылдардағы ауыл жастарының тіршілігі, сырласу, нәзік сезім, шын сүйіспеншілік, қазақ ауылының көрікті бейнесі «Нәзік бұлттар» деп аталатын повесінде көркем бейнеленді. Т.Жармағамбетовтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл өміріне арнап жазған «Қара жаңбыр» атты туындысы да көпшілік оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді. Жазушы адамгершілік, достық, махаббат тақырыбына арнап «Екі жүрек», «Екі дос», «Менің достарым», «Кішкентай махаббат» атты әңгімелер жазды.

Т.Жармағамбетов есімі Қарауылкелді селосындағы бір көше мен орта мектепке берілген.

Тобық Жармағамбетов шығармалары:

Жармағамбетов Т.

Нәзік бұлттар: Повесть.- Алматы: Жазушы, 1966.- 192 б.

Жас жазушы Тобық Жармағамбетов бұрын әңгіме, новеллаларымен көрініп, оқушы көпшіліктің көкейінде жақсы әсер қалдырған қаламгер. Бұл кітабы Тобықтың оқушы қауымына ұсынып отырған жаңа табысы, көлемді еңбегі.

«Нәзік бұлттар» повесінен біз Теміржан, Күнсая, Ілия сияқты қазіргі жастарымыздың арманшыл, батыл, ер тұлғасын көреміз. Сырласамыз. Олардың нәзік сезімінің куәсі боламыз. Дархан даламыздың сұлу көркінен сусындаймыз. Повестің тілі нәрлі, бояулы. Уақиғасы тартымды, қызғылықты.

Жармағамбетов Т.

Сентябрь түні: Повестер.- Алматы: Жазушы, 1970.- 176 б.

Жазушы Тобық Жармағамбетовтің бұл еңбегіне екі повесі еніп отыр. Мұның алғашқысы ақын-жырау Нұрпейіс Байғаниннің өнердегі өміріне, екіншісі Октябрь революциясы кезіндегі ел өміріне арналған.

Жармағамбетов Т.

Ақ жауын: Повестер.- Алматы: Жазушы, 1984.- 400 б.

Тобық Жармағамбетов қазақ әдебиетінің проза жанрына өзіндік үнімен үлес қосқан талантты жазушыларымыздың бірі. Бұл жинаққа жазушының оқырман қауымға танымал болған «Ақ жауын», «Бәйтеректің жас шағы», «Сентябрь түні», «Нәзік бұлттар» атты повестері еніп отыр.

Жармағамбетов Т.

Отамалы: Әңгімелер мен хикаяттар /Құраст. Е.Дүйсенбайұлы. Алғысөзін жазған З.Серікқалиұлы.- Алматы: Раритет, 2002.- 212 б.

Өмірден ерте өткен жазушының өз уақыты мен тұтас бір ұрпақтың ғұмырнамасын өзек еткен «Жан», «Қара жаңбыр», «Қызыл ай», «Қарала сиыр» т.б. әңгіме-хакаяттарында шынайы шындықпен нәрленген нәзік мұң, сәулелі романтика өлеңдей егіз-қатар өріліп отырады. Ішкі лирикалық иірімінің әсер-қуаты жөнінен бұл жинаққа енген туындылардың қай-қайсысы да прозадағы поэзия іспетті.

 
Copyright © Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі