ScreenReader       
Басты бетке     Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі      VKontakte facebook instagram Кіру       


Сайт мәзірі  


















































Іздеу:
 
free counters
Free counters

Бәкір Тәжібаев

Тәжібаев Бәкір 1926 жылы 15 мамырда Байғанин ауданы, Ақбұлақ ауылында туған. Қазақтың көрнекті ақыны, сазгер, драматург, өнер қайраткері. 1941 жылы Темір педагогикалық училищесін бітірген соң Жұрын аудандық газетінде жауапты хатшы болып қызмет істеді. 1950-52 жылдары Алматы театр училищесі жанындағы киноактерлік мектепте оқыды, оны бітірген соң Жамбыл, Шымкент облыстық драма театрларында актер болды, осы кезеңде ол ақын ретінде де таныла бастады.

Театрда істей жүріп ән салу, аспаптарда ойнау, сөз өнері түрлерін зерттеп, сазгерлікпен де айналыса бастады. 1958 жылы Бәкір Тәжібаев Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында әдебиет бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды. Бұдан соң Алматы облыстық халық шығармашылығы үйінде, республикалық театр қоғамында қызметтер атқарды.

Бәкір Тәжібаев – бірнеше жыр жинақтарын шығарған белгілі ақын, оның өлеңдері негізінен туған жер, өскен ел, достық, махаббат тақырыптарын қамтиды. Сонымен қатар ақын өнер туралы да толғаныс ойларын ортаға салады. («Жыр сапары», «Күй шежіресі» т.б.). Бәкір Тәжібаевтің сүбелі шығармаларының бірі композитор Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсына жазылған либретто. Ол Қазақстандағы белгілі өнер адамдарымен үнемі шығармашылық одақта болып (Е.Рахмадиев, С.Мұхамеджанов, Н.Тілендиев, Ә.Еспаев, Ғ.Құрманғалиев, Е.Хасанғалиев, Ә.Бейсеуов т.б.) бірге еңбек етті, ел арасына кең тараған ән текстерін жазды. «Туған ел», «Дала еркесі», «Әлия», «Әдемі-ау», «Бозторғай», «Қаракөзайым», «Жәмиланың әні», «Алматы» т.б. Сазгер ретінде Бәкір Тәжібаевтің өзінің шығарған әндері де көп, ол әндердің әуенімен қоса сөздерін де өзі жазды. «Ақбұлақ», «Гүлсім-ау», «Ақ сәуле», «Домбыра», «Жүрегім дүрсіл қағады-ау», «Шалқи бер дала», «Жан еркем», «Ақтамақ», «Бұлбұл әні» тағы да басқалары. Ақынның «Ақбұлақ», «Жүрегім дүрсіл қағады», «Гүлсім-ау» әндері бүкіл қазақ жұртының сүйікті әуеніне айналды. Бәкір Тәжібаев әндері мен олардың мәтіндері бір біріне мазмұндаса шырқалып, бірін бірі ашып, өзара әрлесіп отырады.

Бәкір Тәжібаев бірнеше драмалық шығармалардың авторы, оның пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарына қойылды. Тәжібаев қазақ театры, жалпы қазақ өнері тақырыбында да қалам тартты. Ол атақты өнер тарландары Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Әзербайжан Мәмбетов, Ыдырыс Ноғайбаевтың шығармашылығы жайында «Сахна жұлдыздары» топтамасын, КСРО Халық артисі Роза Бағланованың өнер жолын баяндайтын «Біздің Роза» атты кітап шығарды. Талантты театр сыншысы ретінде ол әр жылдарда республикалық театрлар сахналарында көрермендер назарына ұсынылған драмалық туындылар турасында мақалалар жазып тұрды.

Бәкір Тәжібаевтың есімі Байғанин ауданы орталығындағы балалар музыка мектебіне берілді.

Бәкір Тәжібаев шығармалары: «Балбұлақ» (1969), «Қара торғай» (1967), «Біздің Роза» (1969), «Ән дәурен» (1973), «Сахна жұлдыздары» (1977), «Жүріп келем» (1976), «Дала жолдары» (1980), «Жыр жолаушы» (1982).

Бәкір Тәжібаев шығармалары:

Тәжібаев Б.

Кел, дос болайық: Мектеп сахнасына арналған шағын пьесалар.- Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1963.- 40 б.

Бұл кітапқа мектеп сахнасына лайықталып жазылған «Әй, Әнипа-ай!», «Ойлану керек екен», «Кел, дос болайық» т.б. пьесалар жинақталған.

Тәжібаев Б.

Балбұлақ: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1969.- 84 б.

Ақын Бәкір Тәжібаевтың «Балбұлақ» атты жинағына біраз жылдан бері жазған лирикалық өлеңдері енді.

Сонымен қатар бұл кітапта ақынның ел арасында айтылып жүрген ән текстері мен «Ана жүрегі» дастаны бар.

Тәжібаев Б.

Жүріп келем: Өлеңдер, әндер.- Алматы: Жазушы, 1976.- 80 б.

Ақын Бәкір Тәжібаев «Жүріп келем» атты жаңа жинағында өскен елге, туған жерге, адал жарға деген жүрек сезімін, ыстық махаббатын шабыттана жырға қосады.

Жинақтың екінші бөлімі түгелдей ақынның көпшілік сүйіп айтатын ән өлеңдерінен құралған. Бәкір Тәжібаевтың бұл кітабы оқушы қауымның да, ән құмар жастарымыздың да көңілінен шығады деп сенеміз.

Тәжібаев Б.

Сахна жұлдызы.- Алматы: Жалын, 1977.- 104 б.

Бәкір Тәжібаевтың бұл кітабына қазақ өнер шеберлері жайлы жазылған портрет-очерктері енді.

Одақ көлемінде орындаушылық шеберліктерімен танымал әнші-актерлердің творчествосы мен өмір жолындағы қызықты деректерге құрылған кітап жеңіл оқылады.

Тәжібаев Б.

Жыр – жолаушы: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1982.- 80 б.

Ақын Бәкір Тәжібаевтың «Жыр – жолаушы» атты бұл кітабына соңғы жылдары жазылған өлеңдері енді. Жинақ үш бөлімнен тұрады. Бәкір жырлары негізінен ткған жер, өскен ел, достық, махаббат тақырыптарын қамтиды. Сонымен қатар ақын өнер туралы да толғаныс-ойларын ортаға салады.

 
Copyright © Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі