Басты бетке     Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі      VKontakte facebook instagram Кіру       


Сайт мәзірі  


















































Іздеу:
 
free counters
Free counters

Өтежан Нұрғалиев

Өтежан Нұрғалиев 1938 жылы 15 тамызда Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылында туған. Көрнекті қазақ ақыны. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң Жарқамыс орта мектебінде мұғалім болып істеді. Кейін «Жалын» баспасында, Қазақ телевизиясында қызмет атқарды. Өтежан Нұрғалиев университетте оқып жүрген кезден-ақ жыр сүйер қауымға танымал ақын болып қалыптаса бастады. Оның газет журнал беттерінде жарияланған қызуы мол, қуатты, батыл ойларға толы өлеңдері оқырман назарын еріксіз аударып, баурап әкетті. Соғыс кезіндегі ауыл тұрмысы, әлеуметтік қарама-қайшылықтар, жалпы өмір жайындағы ой-толғаныстар, мәңгілік махаббат – осының бәрі Өтежан поэзиясында жыр жолдарымен кестеленеді, ақынның өлең топтамалары жұртшылықтың іздеп жүріп оқитын кітаптарына айналды.

Өтежан Нұрғалиевтың «Менің махаббатым» деп аталатын алғашқы жинағына ақиық ақын Әбділда Тәжібаев ұнамды баға беріп, кітап авторына шығармашылық сәт сапар тіледі. Өтежанның шығармаларында ауыл адамдарының, Жем өңірі тұрғындарының бастан кешірген кейбір оқиғалары суреттеліп, өтіп кеткен заман суреттері көз алдыңа қайта келеді. Өтежан Нұрғалиев поэзиясы өзінің даралығымен, соны құбылыстарға толы жаңашылдығымен, батылдығымен ерекшеленіп, қазақ әдебиетінде өзіндік орын алады. 1998 жылы ақынға Байғанин ауданының құрметті азаматы атағы берілді.

Оның қаламынан туған «Менің махаббтым» (1962), «Ақ нөсер» (1968), «Нөсерден кейін» (1969), «Кемпірқосақ» (1970), «Кәмелет» (1971), «Ай астындағы ақбоз үй» (1972), «Қайыңды тоғай» (1973), «Соғыстың соңғы жылдары» (1-ІV кітаптар, 1977, 1978, 1980, 1984 ж.) шығармалары халқымыздың рухани қазынасын байыта түсті.

Сонымен қатар ізденімпаз ақын аударма саласында да жемісті еңбек етіп келеді. Пушкин, Есенин, Блок, Давид Кутультинов, Исикава Такубоку секілді әйгілі ақындардың шығармаларын ана тілімізге аударып бастырды.

Өтежан Нұрғалиев шығармалары:

Нұрғалиев Ө.

Ақ нөсер: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1968.- 64 б.

«Ақ нөсер» Өтежанның екінші кітабы. Бұл кітапқа соңғы жылдары жазған өлеңдерінің ең тәуірлері іріктеліп алынды. Талантты жас ақын өз жырларында өмірдің сан алуан құбылыстарын нәзік сезіммен бейнелейді. Туған жердің әсем табиғаты, қазіргі ауыл тірлігі үлкен махаббатпен жырланады.

Нұрғалиев Ө.

Кемпірқосақ: Өлеңдер.- Алматы: жазушы, 1971.- 88 б.

Өтежан Нұрғалиевтің бұл жинағына туған жер, бүгінгі өмір, халықтар достығы тақырыбына арналған өлеңдері енді. Жас адамның көңіл күйлері, жастық шақ жайлы жырлары да әсерлі.

Нұрғалиев Ө.

Кәмелет: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1972.- 55 б.

Бұл кітапқа Өтежан Нұрғалиевтің бір топ өлеңдері енген.

Ақын адалдық, адамгершілік, достық, шынайы сүйіспеншілікті өз жырына өзек еткен.

Нұрғалиев Ө.

Ай астында ақбоз үй: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1973.- 64 б.

Автор бұл жинағында туған өлкенің көрікті көріністерін, еңбек адамдарының көңіл-күйін жырлайды. Жасампаз заманымыздың жарқын болашағы ақын жырларында жаңаша нақышпен, өзгеше өрнекпен көрінеді.

Ай астындағы ақбоз үй – көп ұлтты өскелең өлкеміздің романтикалық бейнесі іспетті.

Нұрғалиев Ө.

Қайыңды тоғай: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1976.- 84 б.

Өтежан Нұрғалиев – туған жеріміздің тамаша табиғатын тебірене жырлайтын сезімтал ақын. Сондай-ақ ол замандастарымыздың көңіл күйін, ой-арманын шебер шерте біледі.

Нұрғалиев Ө.

Таңдамалы: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1977.- 236 б.

Өтежан Нұрғалиевтің бұл кітабы – көп жылғы әдеби еңбегінің жемісі. Мұнда ақын туған жер, уақыт тынысы, еңбек адамдарының тағдыры туралы жырлайды. Жинақта замандас туралы, табиғат әсемдігі, адам жан дүниесінің сан алуан қыры мен сыры лирикалық сазбен жырға қосылады.

Нұрғалиев Ө.

Соғыстың соңғы жазы: балладалар.- Алматы: Жалын, 1978.- 144 б.

Талантты ақын Ө.Нұрғалиевтың бұл жинағы – сонау соғыс жылдарындағы бір ауылдың өмір суреті сияқты. Егер ол суретші болса да дәл осы оқиғаларды бейнелер еді. Өйткені өзі көрген, көзі көрген, көңілінің түкпірінде қарайып қалған қаяулы жылдар суреті өткенді еске түсіре береді.

Оқып шығыңыз – бір ауылдың, бір ауыл адамдарының, бәрінен бұрын нанға, киімге, қағазға, қарындашқа телмеңдей қараған қаршадай баланың қатал тағдыры – көз алдыңызға келеді. Бұл оқиғалар бір ауылда, Байғанин ауылында, болғаны ақиқат, бірақ ол бүкіл бір кезеңге, бүкіл елге тән, ортақ тағдыр.

Бала жүрегінде қалған қатал кек арада 30 жылдан астам уақыт өтсе де, азамат ақын жанын сыздата береді, кеудесіне сыймай, көкейіне лықсып келіп, ақыры, айтылып тынады.

Бұл жырларды оқығанда сол соғысқа қарсы бар даусымен айғайлаған бала даусы құлағымызға келеді.

Нұрғалиев Ө.

Соғыстың соңғы жазы: Өлеңдер.2-кітап.- Алматы: Жалын, 1980.- 136 б.

Бұл жинақ – ақын Өтежан Нұрғалиевтің Ұлы Отан соғысы жайындағы өлеңмен жазылған екінші кітабы. Мұнда ауыр жылдардағы ауыл еңбеккерлерінің тағдыры, олардың жеңіске қосқан үлесі сөз болады.

Нұрғалиев Ө.

Соғыстың соңғы жазы: Өлеңдер. 3-кітап.- Алматы: Жалын, 1984.- 168 б.

«Соғыстың соңғы жазы». Бұл жинақ алдыңғы жарық көрген кітаптардың заңды жалғасы. Бұл кітабында да ақын өзінің түпкі мақсатын әрі қарай дамыта түседі: Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл өмірі, адамдардың қилы-қилы тағдыр-талайы, сондай-ақ Ұлы Жеңіспен бірге келген бейбіт күннің берекелі, мерекелі көрінісі өлең-сөзбен әсерлі әңгімеленеді.

Нұрғалиев Ө.

Шұғылалы көктем: Өлеңдер, балладалар.- Алматы: жазушы, 1979.- 128 б.

Өтежан нұрғалиевтің бұл кітабы екі бөлімнен тұрады. «Жылдарға сапар» атты бірінші бөлімде Ұлы Октябрь салтанаты, совет адамдарының биік адамгершілігі, бүгінгі бейбіт өміріміз ақын жырына арқау болған.

Жинақтың «Соғыстың соңғы жазы» атты екінші бөлімінде ел басына күн туған сұрапыл кезеңнің кейбір суреттерін бейнелеуге арналған балладалар енгізілді.

Нургалиев У.

Березовая роща: Сихи и баллады /Пер. с каз.В.Смирнова.- Алма-Ата: Жазушы, 1985.- 112 с.

Утежан Нургалиев любит и тонко чувствует природу. В его стихах о просторах родной республики чувствуется шелест листьев, шепот трав, легкость белопенных облаков.

С гражданских позиций оценивает поэт сложности нашей жизни, ратует за чистоту отношений между людьми.

Нұрғалиев Ө.

Тыныштық: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1987.- 96 б.

Ақын Өтежан Нұрғалиевтің жаңа кітабына кірген алуан тақырыптағы өлеңдері әлем тыныштығын тілеп, замандастарымыздың жан дүниесі жарқын болуын көздейді. Автор өмір сырын философиялық тұрғыдан жырлауға өзінше талпыныс жасайды.

 
Copyright © Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі