ScreenReader       
Басты бетке     Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі      VKontakte facebook instagram Кіру       


Сайт мәзірі  


















































Іздеу:
 
free counters
Free counters

Мұхамбетқалиев Қажығали

Қажығали Мұхамбетқалиев 1942 жылы 8 желтоқсанда Байғанин ауданы, Қызылбұлақ ауылында туған. Қазақ жазушысы. 1965 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірді. Ақтөбе облыстық телевизия және радио комитетінде редактор, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде әдеби қызметкер болды. Алматыдағы «Қазақстан» баспасында аға редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшы, «Жаңа фильм» журналында бас редактор қызметтерін атқарды.

Кенжағали Мұхамбетқалиев қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар танымал жазушы. Оның прозалық шығармаларында негізінен жетпісінші, сексенінші жылдардағы ел тіршілігі суреттеліп, қоғамдық ахуал көріністеріндегі қарапайым тұрмыстық эпизоттардың өзінен үлкен әлеуметтік гәптер ұтымды жеткізіледі. Қырқыншы, елуінші жылдардың қытымыр кезінен құтыла бастаған, еркіндік дәмін ептеп татып келе жатқан қауым өкілдерінің басында психологиялық жаңа кеселдердің пайда бола бастауы, адамдардың арақатынасындағы бір кездегі аңғал достықтың бақастық пен арамдық амал-айла шырмауына көмілуі әсіресе, «Мінез», «Ескі достар» атты прозалық шығармаларында айқын сезіледі. Балалық, жастық дәурендегі адал, қимастық сезімдер жылдар өте көңіл ауларлық көлгірсуге айналғанын шығарманы оқып отырып түйсінген жан, енді осы құлдыраудың себебін іздеуге, қоғам құбылыстарын ойша шолуға мәжбүр болады. Қазақ қоғамының өскелең кезеңдеріндегі ахуалы «Дала әуендеріндегі», «Қарымта», «Қаңтардың қара суық түні», «Бір машина шөп» әңгімелерінде қалтқысыз бейнеленеді. Оймақтай ғана оқиғаға ойдай мағына сыйғыза алатын прозашы, адам құлқынындағы құбылмалылықтан басталатын дәуірлік трагедиялар мен әлеуметтік драмалар өзегін дөп басады. Сезім иірімдеріне зер сала отырып, замана қабілетін зерделейді. Әдебиеттің төл табиғаты мен басты міндеті адамның өзін өзі ұғып, өзіне өзінің жаны аши білуіне баулу екендігін терең түсініп, қатаң қадағалайтын суреткер өзгермелі уақыт пен тез есейіп келе жатқан ұрпақтың қатаң талабына шымбайға батар шындығымен, еріксіз ден қойғызар шынайлығымен жауап бере алатын шымыр шығармалар тудырады.

Қ.Мұханбетқалиев қазақтың ХVІІІ ғасырдағы отаршылдық езгіге қарсы күресінің басшысы, әрі би, әрі батыр Сырым Датұлы туралы ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізіп, тұлға туралы республикалық «Арыс» баспасынан «Сырым Датұлы» (2004) атты жинағы, әдебиет пен өнер туралы, қоғам туралы сан түрлі пікірлер мен мақалалардан тұратын «Тоғысар арнамыз бір толғанғанда...» (2010) атты кітаптары жарыққа шықты. Тәуелсіздік жылдарында жазылған сүбелі еңбегі батыр, би, қайраткер Сырым Датұлы туралы баяндалған «Тар кезең» тарихи романы 2012 жылы оқырмандарына жол тартты.

Мұхамбетқалиев Қ. Бірқатар қаламгерлердің шығармаларын (Р.Акутагава, С.Чубек, Л.Хонвано, Я.Брыль, Л.Колодезный, Дж.Одинаев, Х.Абдуллин, Т.Жұмагельдинов т.б.) қазақ тіліне аударды.

Жазушы Қ.Мұханбетқалиұлы Тәуелсізідігіміздің 10 жылдығына арналған медальмен марапатталып, 2002 жылы Байғанин ауданның құрметті азаматы атағы берілді. 2003 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды. Тәуелсіздігіміздің негізіне айналған ұлттық қозғалысқа арналған «Тар кезең» тарихи романы үшін 2014 жылғы Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығы берілді.

Қажығали Мұханбетқалиев шығармалары:

Мұханбетқалиев Қ.

Жұлдызды түндер: Әңгімелер.- Алматы: Жазушы,1972.- 104 б.


«Жұлдызды түндер» - Қажығали Мұханбетқалиевтің тұңғыш кітабы. Бұған автордың туған жер, адамгершілік, азаматтық парыз туралы әңгімелері еніп отыр. Жас жазушының не туралы жазса да, барынша шынайы баяндауға талпынуы оқушысын қуантарлық.


Мұханбетқалиев Қ.

Тоғай сыбдыры.- Алматы: Жазушы, 1974.- 120 б.

Мұханбетқалиев Қажығали – «Жұлдызды түндер» кітабы арқылы оқушыға бұрыннан таныс. Көпшілік қауым әңгімелерін жылы лебізбен қабылдағын.

«Тоғай сыбдыры» - жас автордың екінші кітабы. Адамдар арасындағы қарым-қатынасты, олардың мінез-құлқын көрсетуде Қажығалидың шығармалары өз бояуымен тәп-тәуір. Тақырыбын толғана жазып, шебер аяқтайды. Не нәрсені де шынайы суреттейді.

Муханбеткалиев К.

Старые друзья /Перевод с каз. В.Малькова.- Алма-Ата: Жазушы, 1981.- 224 с.

Эта первая книга молодого казахского писателя на русском языке. В нее вошли повести и рассказы, получившие высокую оценку читателей и литературной критики.

Основной стержень творчества писателя – проблемы морали. Главные герои его произведений – люди, наделенные обостренным чувством совести, решающие сложные морально-этические проблемы современности. Скрупулезно исследуя людские характеры и судьбы, осмысливая их сложную, порой противоречивую, нравственно- гражданскую эволюцию, автор затрагивает тему духовного здоровья человека, искренности и истинности его убеждений.

Муханбеткалиев К.

Дороги жизни: Повести и рассказы /Пер. С каз. В.Михайлова.- Алма-Ата: Жазушы, 1991.- 304 с.

Автор пишет о своих современниках, о мечтах и делах простых парней, среди которых трудился и сам. Разными дорогами идут герои Кажигали Муханбеткалиева, не каждому из них хватает сил и мужества не свернуть с единственно верного пути – пути истины и добра, не каждый сумел сохранить верность юнлшеским идеалам. Но не осуждать, а понять жизнь во всей ее сложности и многоликости стремится писатель. «Ко всему в жизни нужно относиться великодушно, - думает герой одного из рассказов.- Лишь в... великодушии- разгадка той неизмеримой тайны, которая называется жизнью...»

Мұханбетқалиев Қ.

Қайдасың сен, махаббат?: Әңгімелер мен повестер.- Алматы: Жалын, 1984 .- 272 б.

Жазушының бұл кітабына «Мінез», «Сынық терезе», «Қаңтардың қарасуық түні», «Ит жылғы оқиға» секілді әңгімелері мен жұртшылықтан жылы лебіз естіген бірқатар белгілі туындылары еніп отыр. Кітап екі бөлімнен тұрады; бірінші бөлім, негізінен, қазіргі қала тіршілігіне арналған. Екінші бөлімге бүгінгі ауыл өмірін арқау еткен шығармалар енгізілген.


Мұханбетқалиұлы Қ.

Сынық терезе: Әңгімелер мен хикаяттар.- Астана: Елорда, 2003.-272 б.


Жазушының бұл кітабына оқырмандарға кеңінен таныс, әдеби орта әлдеқашан мойындаған белгілі-белгілі туындылары еніп отыр. Қаламгердің қай шығармасын оқысаңыз да, қала мен дала өмірін бірдей жақсы білетіндігі айқын сезіледі.


Мұханбетқалиұлы Қ.

Жалғыз жиен: Әңгімелер мен хикаяттар.-Алматы: Жазушы, 2005.-288 б.


Жазушының бұл кітабына оқырмандарға кеңінен таныс, әдеби орта әлдеқашан мойындаған белгілі-белгілі туындылары еніп отыр. Қаламгердің қай шығармасын оқысаңыз да, қала мен дала өмірін бірдей жақсы білетіндігі айқын сезіледі.


Мұханбетқалиұлы Қ.

«Тоғысар арнамыз бір толғанғанда...»: Әдеби сын-мақалалар, зерттеулер, ой-толғаныстар.-Алматы:Балауса баспасы, 2010. - 320 б.

Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұханбетқалиұлы ұзақ жылдар бойы әртүрлі әдеби-мәдени басылымдарда қызмет атқарып қана қоймай, күні бүгінге дейін қоғамдық өмірдің сан-салалы мәселелері туралы баспасөз беттерінде өз ой-пікірлерін үнемі ашық айтып келе жатқан қаламгерлердің бірі. Автордың бұл кітабына әр жылдары әдебиет пен өнер туралы жазған мақалалары; пікірталас кезінде сөйлеген сөздері және әріптестерімен сыр-сұхбаттары; бірқатар тарихи тұлғалар жөніндегі зерттеу еңбектері енгізіліп, бірінші рет жеке кітап болып жарық көріп отыр.Бір қызығарлығы – жинаққа кірген кейбір еңбектердің жазылғанына бірталай уақыт өтсе де, онда сөз болған мәселелердің әлі күнге өз актуалдылығын жоғалтпағандығы, автор пайымдауларының парасаттылығы – оқырманды еріксіз ойлантады.

Мұханбетқалиұлы Қ.

«Алабұға, аққайран...» (Еліміздің өзен-көлдеріндегі балықтар жөнінде не білесіз?) .- Алматы: Баур, 2008 .- 72 б.

Біздің еліміз жерге, кенге ғана бай емес, өзен-көлге де бай. Өзен-көлге бай болған соң, онда тіршілік ететін балықтарға да бай. Бірақ... біз өзіміздің өзен-көлдеріміздегі сол балықтардың тыныс-тіршілігін аз білетіндігімізді былай қойғанда, атауларының өзін жиі шатастырып алатын болып жүрміз. Тіпті кейбіреулерінің атын байырғы балықшылар болмаса, қалың көпшілік ұмыта да бастағаны байқалады. Бұл шағын еңбек сол олқылықтың орнын толтыруға сәл де болса септігін тигізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Кітап мектеп оқушыларынан бастап, табиғат сүйер күллі қауымға арналған.

Мұханбетқалиұлы Қ.

Сырым Датұлы. Жинақ / Құрастырған Қ.Мұханбетқалиұлы. Толықтырылған, екінші басылымы: Алматы: Арыс баспасы, 2010 .- 368 б.

Жинаққа қазақтың біртуар перзенті, айбынды батыр, ділмар шешен, төбе би Сырым Датұлының азаматтық, қайраткерлік тұлғасын ашатын отарлаушылар, жиһанкездер, зерттеушілер, тарихшылар мен қаламгерлердің әр жылдарда жазып қалдырған еңбектері, естеліктері, көркем шығармалары және ата-тек шежіресі, үрім-бұтағы, сондай-ақ есімін ардақтау жөніндегі туған еліндегі істелген мәдени шаралар туралы деректі материалдар топтастырылған.

Мұханбетқалиұлы Қ.

Тар кезең: Тарихи роман .- Алматы: “Мерекенің баспалар үйі” ЖШС, Mereke baspasy, 2012 .- 584 б.- 40 сурет

Қазақ даласының Батыс пен Орталық бөлігі Ресей протекциясына қарағанына жарты ғасырдай уақыт өткенде, империя енді өзінің отаршылдық бет-бейнесін ашықтан-ашық көрсете бастаған болатын. Әсіресе, Алаш баласы Елек пен Жайық бойындағы өріс-қоныстарынан ысырылып; онымен қоймай, біресе Жайық казак-орыстарының, енді бірде башқұрттар мен Еділ қалмақтарының талауына ұшырап, жан-жақты қысым көре бастады. Ел басындағы хан Нұралы болса, бұл істердің бірде-бірін орнықты шеше алмай, ел билігі де дағдарысқа түсті.

Міне, осындай қилы кезеңде ел тағдырына деген жауапкершілікті өз мойындарына алған – Байбақты Сырым бастаған қазақтың білікті билері мен батырлары, ақсақалды ағалары еді...

Жазушының «Тар кезең» аталатын романы халық тағдыры таразыға түскен осынау қиын кезеңнің оқиғаларын кең тыныспен, аса байыпты да байсалды көрсете білген, шын мәніндегі көркем туынды.

 
Copyright © Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі