|
Басты бетке | Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі | Кіру |
Free counters |
Ешбаев Сәрсенғали Ешбаев Сәрсенғали 1924 жылы Байғанин ауданының Қызылбұлақ ауылдық кеңесіне қарасты мекенде дүниеге келген. «Даңқ» ордендерінің толық иегері. 1942 жылы армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Калинин, Ленинград, бірінші Белорусь майдандарында дербес саперлер батальонының сапында басқыншы жаумен шайқаста қаһармандықтың үлгісін көрсетеді. Сапер жауынгер бір-ақ рет қателеседі, деген мәтелді ескерсек, оның жорықтағы әрбір минуты қауіп пен қатерге толы болғанын түсіну қиын емес. Дегенмен, батыр жерлесіміз аса қырағылық танытып, қарулас жауынгерлер мен әскери техниканың жау минасына соқтықпай өтуін қамтамасыз етіп отырған. Қарапайым қазақ баласының осы сұрапыл соғыста үш бірдей «Даңқ» орденін омырауына тағуы оның өшпес ерлігінің айғағы. Қаһарлы жылдар жайлы естелік айтылғанда, майдангер ағаның есімі алдымен аталары сөзсіз. Бүгінгі және келешек ұрпақтың әлденеше буыны зор мақтаныш сезімімен еске алатын болады. Батыр жерлесіміз елге 1947 жылы оралып, халық шаруашылығының әртүрлі саласында еңбек етеді. Елуінші жылдардың орта шенінде Ащы ауылдық кеңесінің төрағасы болады. Кейіннен сауда саласындағы қызметке ауысып, Ноғайты жұмысшылар кооперациясы басқармасы төрағасының орынбасары, Қопа, Жарқамыс жұмысшылар кооперациясы басқармаларының төрағасы қызметтерін атқарады. Осында зейнеткерлікке шығады. Еңбек майданындағы жақсы жұмысы үшін ол 1975 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен наградталады. |
Copyright © Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі |