|
Басты бетке | Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі | Кіру |
Free counters |
Есенбай Дүйсенбайұлы Есенбай Дүйсенбайұлы 1940 жылы 16 мамырда Байғанин ауданының Қалдайбек ауылында дүниеге келген. Көрнекті қазақ ақыны. 1958 жылы Жарқамыс орта мектебін, 1963 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімінен бастап, көп ұзамай журналистік қызметке ауысты. Байғанин аудандық «Ленин туы» газеті редакторының орынбасары, Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. 1978-84 жылдары Алматыдағы «жазушы» баспасында аға редакторлық қызмет атқарды. Есенбай Дүйсенбаев қазақ поэзиясына өз үні, өз бояуымен келіп, ерекше танымал болған ақын. Ол поэзияны қадірлейтін оқырмандардың сүйікті ақынына айналып, ондаған өлең жинақтарын берді. Оның шығармаларында халықтық, ақын-жыраулардың екпін мен жігерге, қайсарлыққа құрылған үздік дәстүрі бар. Сол дәстүр дүбірі осы күнге дейін ұласып келеді. Е.Дүйсенбаевтың алғашқы жыр топтамасы 1967 жылы Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің дипломына ие болды, бертінірек келе ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толу мерекесінде бас бәйгені, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықты жеңіп алды. Есенбай Дүйсенбаевтың «Боз ала таң мен бозторғай» (1971), «Ақ пейіл» (1974), «Ұланғайыр» (1977), «Ашық аспан» (1978), «Ақ желкенді ағыстар» (1979), «Біздің толқын» (1981), «Ашық хат» (1982) деп аталатын жыр жинақтары Алматыдағы «Жазушы» және «Жалын» баспаларынан жарық көріп, еліміздің өлең сүйер оқырмандарына кеңінен тарады. 2000 жылы 60 жасқа толуына орай оған ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілді. Ол көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Қазақ тіліне М.Горькийдің «Әдебиет туралы», Г.Ломидзенің «Ұлы достық ұлағаттары» деп аталатын сын кітаптарын, қырғыз ақыны Б.Абакировтың, палестиналық ақын Абдрахман әл-Хамисидің өлеңдерін, екі томдық «Орыс-совет поэзиясының антологиясын» аударды. Аға сөзі …Қырында киік жайлаған, деп Асанқайғы атамыз жырлаған Жем бойында небір жүйріктер өткен. Ұлы бабаларымыздың «жайнаған туы жығылмай», әлі күнге дейін кең даланы дүбірлетіп, кейінгі ұрпақтың көңіліне нұр құйып келеді. Қазір сол дүбірге ілесіп, аталардың жолын қуып, жырын жалғастырып келе жатқан бір топ талантты жігттер бар. Солардың бірі – Есенбай Дүйсенбаев. Жетпісінші жылдардың басында Есенбайдың «Бозала таң мен бозторғай» атты жұп-жұқа кітабы жарық көрді. Кітаптың шағындығы сондай, мұқабасына аты зорға сиған еді. Біз, баспа қызметкерлері – Қадыр, Тұманбай, қолдан қолға түсірмей, қуанысып оқығанбыз. Жас жігіттің сөз саптасына, мөлдір сезіміне, табиғи мінезіне, риза болғанбыз. Кішкентай кітаптан қазақ поэзиясына үлкен ақынның келе жатқанын аңғарғанбыз: Бозбауыр аспан иіп бір, Далада өскен біз бозала таңдағы бозторғайды бұрынғыдан да жақсы көріп кеттік. Шынында да, қыранның, аққу мен бұлбұлдың жөні бір бөлек, ал дала үшін бозторғайдан жақын құс жоқ. Оған асқар таулар, айдын көлдер, жасыл ормандар қажет емес, боз жусанды боз даласы болса жетеді. Өйткені «Бозторғай құстың ұясы, Бозаңда болар» (Махамбет). Есенбай жырларынан да көк аспанның төсіне шығып алып, шырқырап тұрған бозторғай құстың үні естіледі. Оның елге, жерге деген жақындығы, перзенттік іңкәрлігі сүйсіндіреді. Құйқылжып ұшып-қонатын «Арқалап жүріп адам ғып, жетектеп жүріп жігіт қылған» ол енді қалай ұмытарсың! Есенбайдың: Жетісудың көктемі дегеніне де риясыз сенесің. Есенбай жырларында адам жүрегін елжірететін бір нәзік мұң бар. Ол біздің ұрпақтың басына түскен ауыртпалықтың да әсері болса керек. Біз күні кешеге дейін еңсесі көтеріліп, етегі жабылмаған елміз ғой. Есенбай де жетімдік пен жоқшылықты көп көрген жігіт. Қанша айдарынан жел есіп жүрсе де, жүрегіңнің бір түкпірінде ызғарлы жылдардың қара суығы жатпауы мүмкін емес. Есенбай былай дейді: Екі-ақ үй Екінші ауыл елдей мекен, Бұл бәріміздің де басымызда болған. Еске алсаң, сай-сүйегің сырқырайтын жәйт. Әнщейінде қой аузынан шөп алмайтын Есенбай қолына қалам ұстаса-ақ әруақтанып кетеді. Шешен де шебер. Әрі тапқыр, әрі айтқыр. Өзінің бүкіл болмысын өлеңге айнытпай түсіре салады. Құйқылжып тұрар кешкілік Әрине, әуелден қанға біткен қасиет бұл. Ал өлең-арғымақтың үстінде ол мүлде өзгеріп сала берді. Әлгі сыпайы-сырбаздықты сұңғыла жыр жетектеп, ілестірп әкетеді. Есенбай ешқандай қоспасы жоқ, табиғаттың аузынан түсе қалған ақын. Әр өлеңінен көктемгі даланың жұпар иісі келеді. Дүниені сезінуі бөлек, оны өзгеге де сезіндіре біледі. Мен Есенбай өлеңдерінен Жем бойында өзім көрмеген керемет суреттерді көргендей болам. Сол суреттердің ішінде жүргендей сезінем. Оның өлеңдерінде жалған дыбыс, жасанды бояу болмайды. Бәрі де өмірдегідей, табиғи қалыпта. Өйткені: Мәз күлмей мәре-сәремен, Мәрттікке қарай самғаушы Ақыннан шыққан әр өлең – Ақиқат жайлы жан даусы. Әрдайым солай болғай, ақын бауырым! Сағи Жиенбаев («Қазақ әдебиеті» 1990 ж. 16 мамыр) Есенбай Дүйсенбаев шығармалары: Дүйсенбаев Е. Ақ пейіл: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1974.- 56 б. Есенбай Дүйсенбаев біраз жылдардан бері әдебиетке араласып келе жатқан жас ақынның бірі. Оның жазған өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде жиі-жиі көрініп, жұрт назарына ілігіп жүр. Автор ауыл өмірінің кешегісі мен бүгінгісін, сонымен бірге жарқын болашағы туралы әдемі сыр шертеді. Биік адамгершілік пен адалдық жайлы толғайды. Бұл кітапқа автордың таңдаулы деген бір топ жырларын енгізіп, оқушы қауымға ұсынып отырмыз. Дүйсенбаев Е. Ұланғайыр: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1977.- 76 б. Есенбай Дүйсенбаев өзінің лирикалық жырларымен оқушы қауымға жақсы танымал болған жас ақын. Оның мына жинағына Отан, Ленин, туған жер, адамгершілік жайлы толғаған жаңа жырлары енді. Дүйсенбаев Е. Ашық аспан: Толғаулар, өлеңдер.- Алматы: Жалын, 1978.- 72 б. Ақынның бұл кітабы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде автор советтік Отан, оның ардагер ұлдары, бейбітшілік жайлы толғайды. Екінші бөлімдегі өлеңдерінде көктем, жастық шақ, махаббат әуені басым. Дүйсенбаев Е. Ақ желкенді ағыстар: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы, 1979.- 112 б. «Ақ желкенді ағыстар» - Есенбай Дүйсенбаевтың бесінші кітабы. Ақын бұл жинағында туған табиғат, сұлулық, махаббат, достық, ізгілік пен адамгершілік жайында сыр шертеді. Есенбайдың лирикасы өзіне тән екпінді ырғақ, еркін тынысымен, ыстық сезім, кең толғамымен ерекшеленеді. Дүйсенбаев Е. Ашық хат: Өлеңдер мен толғаулар.- Алматы: жазушы, 1982.- 120 б. Ақын Есенбай Дүйсенбаевтың бұл жинағына жауқазын шағы жалынға шарпылып өскен ұрпақ, соғыс пен бейбітшілік, асыл адамгершілік, достық пен жақсылық және өмір-тіршілік туралы тебіреніс толғаныстар өзек болған. Жыр кітабына автордың өлең өрнегіндегі қолтаңбасы аңғарылады. Дүйсенбаев Е. Таң торғайы: Жыр кітабы.- Алматы: Жалын, 1988.- 304 б. Ақынның таңдаулы өлеңдері топтасқан «Таң торғайы» атты бұл кітапқа азамат жүрек дүрсілін аңғартатын шынайы да шымыр толғаныстары енгізілген. Дүйсенбаев Е. Үшбұлақ: Дастандар мен өлеңдер.- Алматы: Жалын, 1990.- 264 б. Ақынның бұл кітабына енген өлең, дастандар жариялылық дәуірінің сәулесімен нәрленген. Жаңалап, жаңғыртушы сәуір желі еседі. Дүйсенбай Е. Бозала таң мен бозторғай: Таңдамалы.- Алматы: «Білік» баспа үйі, 2000.- 396 б. Жамбыл атындағы халықаралық және Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтардың иегері, Абайдың туғанына 150 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының Бас жүлдегері Есенбай Дүйсенбайдың біртомдығына таңдаулы лирикалық толғаныстары мен бірсыпыра жаңа өлең-дастандары енді. Қазақ поэзиясына бозала таң мен бозторғай сазын бар бояу-болмысымен әкелген суреткер табиғатты қандай айшықты жырласа, әлеуметтік-қоғамдық өмір ағысын да сондай шынайы өрнектейді. Дүйсенбайұлы Е. Жаңбыр әні: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Балалар Әдебиеті, 2003.- 228 б. Өздеріңізге ұсынылып отырған өлеңдер жинағын өспірім шағы соғыс өртіне шарпылып өскен тұтас бір ұрпақтың өмірбаяны деуге болады. Ақын жақсылық, жанашырлық, адалдық пен арлылық, қанағат пен тәубе сияқты асыл қасиеттерді ақтарыла жырлайды. Кезең суреттері әдемі кестеленген. Дүйсенбайұлы Е. Пешене: Жыр кітабы.- Алматы: Жазушы, 2005.- 368 б. Республика жазба ақындары тұңғыш мүшәйрасының Бас жүлдегері Есенбайдың бұл жинағы ел мен жер, заман мен уақыт уәжін толғанған болмысы бірегей, тұлғасы тұтас жаңа жырларынан тұрады. Мұндағы кез келген өлең жолдарына өз дәуірінің қуанышы мен мұңын өзекжара шерткен өрнекті сыр-сипат, терең тебіреніс тән. Жинақ «Сыр дәптер», «Қырық хикмет», «Дәптер сәни» деген үш бөлімнен түзілген. Соңғы бөлімі ақынның Құл Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикметінен» жасаған көркем аудармасын қамтиды. Дүйсенбайұлы Е. Ұланғайыр: Өлеңдер мен дастандар.- Алматы: Раритет, 2006.-272 б. – «Алтын қор» кітапханасы. Ел ақыны Есенбай Дүйсенбайұлының бұл таңдамалы томдығына туған жер табиғаты, уақыт және заман, қоғам және адам, оның өмірдегі орны, тіршілік мән-мағынасы жайлы толғаныстары топтастырылды. Қазақ елінің әлеуметтік-қоғамдық өмірінде кейінгі жиырма жыл төңірегінде болған үлкен рухани және саяси өзгерістер кітаптың екінші бөліміндегі «Қайта бастау» дастанында бейнеленген. Дүйсенбайұлы Е. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-том: Өлеңдер мен толғаулар.- Алматы: Жазушы, 2008.- 288 б. «Боз құсы болып бір белдің, мен сені, Өмір, қорғаймын діріліменен гүлдердің, шырылыменен торғайдың!» - деп, бұдан қырық жыл бұрынғы тұңғыш жинағында өлеңдегі өз мұрат-мүддесін өрнектей келген ақын шығармаларының 1-ші томы бозала таң мен бозторғай жырларынан түзілді. Дүйсенбайұлы Е. Екі томдық шығармалар жинағы. 2-том: Дастандар, толғаулар, өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 2009.-320 б. Ақын шығармаларының 2-ші томына дастандары мен лирикалық жыр-толғаулары, сондай-ақ Құл Қожа Ахмет Иасауи рухымен сырласу сыңайындағы өлеңдері топтастырылған. |
Copyright © Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі |