|
Басты бетке | Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі | Кіру |
Free counters |
Сақтаған Бәйішев Республикамыздағы экономика ғылымын дамытуға және бұл салада ғылыми кадрлар даярлауға зор үлес қосқан экономика ғылымының докторы, профессор, академик Сақтаған Бәйішев 1909 жылы Байғанин ауданы, Ақжар селосында дүниеге келген. Әкесі Бәйіш баласының білімге құштарлығын аңғарып, оны алдымен ауыл мектебіне, кейін Темір қалалық қазақ-орыс мектебіне береді. Қоғамдық жұмыстарға мектеп қабырғасында жүргенде-ақ араласа бастайды. Комсомол жұмысына тікелей араласады. Комсомолдың жолдамасымен 20-шы жылдары Қазақстан түсті металлургиясының мыс балқыту заводына келеді. Жасөспірім пионерлердің аудандық бюросында, аудандық комсомол комитеттерінің жауапты хатшысы ретінде сан салалы жұмыстар атқарады. Одан кейінгі жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінің редакциясында бөлім меңгерушісі, кейін редактордың орынбасары қызметін атқарады. Бұл арадан оны мерзімді әскери қызметін атқаруға жібереді. Әскери қызметтен оралған соң Алматыдағы марксизм-ленинизм институтына оқуға жолдама беріліп, бұл оқу орнын үздік бітірп шығады. Отызыншы жылдары қалыптасқан қазақ кеңес зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі Сақтаған Бәйішұлы марксизм-ленинизм институтын басқарады. Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің жауапты редакторы болады. Осы кезде С.Бәйішев бірінші шақырылағн Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Осылайша ғылымның аса ұйымдастырушысы, әйгілі журналист-публицист С.Бәйішев отыз жылдан аса халық қалаулысы міндетін абыроймен атқарып, шақырулардың бірінде республика Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Бәйішев өз тілегімен майданға аттанады. Соғыс жылдарында бригаданың әскери комиссары, әскери құрама саяси бөлімінің бастығы, Қызыл Армия бас саяси басқармасының жауапты қызметкері болады. Соғысты рейхстагқа шабуыл жасаған Үшінші екпінді армияның құрамында Берлин қаласында аяқтаған. Соғыстан кейін С.Бәйішев Қазақстан үкіметі жанындағы Өнер істері жөніндегі басқарманың бастығы болады. Содан кейін тоғыз жыл бойы СОКП Орталық Комитеті жанындағы марксизм-ленинизм институтының Қазақ филиалын басқарады. Нақ осы жылдары оның ғылыммен айналысу, республикада ғылымның қалыптасуына белсене қатысу жөніндегі асыл арманы жүзеге асады. Оның Қазақстандағы индустрияландыру жөніндегі алғашқы ғылыми еңбектері жарық көріп, 1948 жылы кандидаттық диссертация қорғайды. Марксизм-ленинизм институты Қазақ филиалының директоры болған кезінде С.Бәйішев Қазақстандағы жұмысшы,социал-демократиялық қозғалыстың тарихын жазу, марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, басып шығару жөнінде үлкен ұйымдастырушылық жұмыс жүргізеді. Оның ұсынысы бойынша институтта арнаулы аударма секторы құрылды. 1956 жылы ол Қазақстан ғылым академиясының академигі әрі академияның вицеөпрезиденті болып сайланады. Содан былайғы жерде оның бүкіл өмірі мен қызметі республикада академиялық ғылымның дамуымен біте қайнасады. Оның шырқау шыңға көтерілуі де осы тұс. Академияны оның негізін қалаушы аса көрнекті ғалым әрі ұйымдастырушы Қаныш Сәтбаев басқарғанды. Ал Сақтаған Бәйішев болса оның сенімді серіктерінің бірі ретінде Қазақстанның әйгілі қоғам танушы ғалымдарымен, әдебиет және мәдениет қайраткерлерімен қоян қолтық еңбек етіп республиканың интеллектуалдық әлеуметтік ахуалын арттыруға айтулы үлес қосады. Ғалымның жалпы алғанда үш жүзден аса ғылыми еңбегі, оның ішінде 7 монография жарияланды. Бұлар өз уақытымен үндес, сол дәуірдің және республиканың әлеуметтік- экономикалық жағынан дамуындағы шұғыл қажеттіліктер талаптарына сәйкес келеді. Ол Ғылым Академиясының вице-президенті міндетімен қоса бірнеше жыл бойы Қазақ ССР Ғылым академиясының экономика институтын басқарған кезінде жарқын көрініс тапты. Сол жылдары С.Бәйішевтің тікелей басшылығымен одақтық Ғылым академиясы жүйесінде Қазақстандық қоғамтанушылардың айқындамасы нығая түсті. Әсіресе, алпысыншы жылдардың бас кезінде Қазақстанда экономикалық ғылымның дамуы көп ретте Сақтаған Бәйішұлының тәжірибесіне, табандылығы мен принциптілігіне байланысты еді. Бұл жылдары экономика институтының ғылыми кадрлары үрдіс өсіп жатты. С.Бәйішевтің жоғары талап қоя білуі, жеке басының жинақтылығы, талғампаздығы, кемшілікке төзбейтіндігі институт жұмысының бағыты мен стилін ұзақ жылдарға белгілеуге мүмкіндік берді. Нақ сол тұста С.Бәйішев Қазақ ССР-нің өндіргіш күштерін орналастыру, республиканың еңбек ресурстарын зерделеу және оларды қоғамдық өндірісте тиімді пайдалану, Қазақ ССР-нің экономикалық тарихы сияқты республиканың экономикалық ғылымын дамытуды ірі де келешегі мол бағыттарын тұжырымдаудың көш басында болады.С.Бәйішев бірнеше ірі ғылыми еңбектердің «Қазақ ССР тарихы», «Қазақстан Компартиясының тарихы», «Коммунизмнің материалдық – техникалық базасы және оның Қазақстандағы экономикалық проблемалары», «Қазақстан халық шаруашылығының совет өкіметінің 50 жылында дамуы» сияқты еңбектердің кейбір тарауларын жазумен қатар, олардың редакторы болды. «Қазақ Совет Энциклопедиясы» бас редакциясының мүшесі. Бірнеше еңбектері одақтың энциклопедиялық басылымдарында жарияланады. Халықаралық конгрестер мен синпозиумдарда жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері шетел тілдеріне аударылды. Мерзімдік басылымдарда жарияланған «Тұнба байлық өлкесі» атты мақаласында Батыс Қазақстанның пайдалы қазба байлықтары туралы зерттеп, өңірді жақсы білетін азаматтармен сөйлесе жүріп қанығып, жердің құнары, шырайы туралы мәлімет жинап, халқының ерекшеліктерін де басты назарда ұстайды. С.Бәйішев Қазақстан Компартиясы 2-12 съездерінің делегаты, бірінші болып шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1938-1975 жылдары ККП ОК мүшесі болып сайланады. Сақтаған Бәйішұлының ерен еңбегі жоғары бағаланып, «Октябрь революциясы», екі «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Отан соғысы» (бірінші дәрежелі) ордендері, көптеген медальдармен және үкімет грамоталарымен марапатталған. Ол – Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Сақтаған Бәйішұлы Бәйішев 1982 жылы 18 маусымда өмірден озып, бақилық болды. Ірі ғалым, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Сақтаған Бәйішұлы қазақ зиялыларына тән ізденістер мен қиыншылықтарына толы күрделі жолдан өтті. Бұл жолда ол өз халқына, өмірдегі мұратына адал болды. Оның ғылыми мұрасы, тынымсыз ізденісі және жемісті еңбегі өмірдің мәні ретінде болашақ ұрпақ үшін өнеге бола бермек. Шығармалары: Бәйішев С. В.И.Ленин және советтік Қазақстанның гүлденуі.- Алматы: Қазақстан, 1969.- 182 б. Бәйішев С. Маркстік – лениндік экономикалық теорияның өзекті мәселелері.- Алматы: Қазақстан, 1978.- 218 б. Баишев С. Вопросы социально – экономического развития Советского Казахстана.- Алма-Ата: Казахстан, 1981.- 294 с. Бәйішев С. Тұнған байлық өлкесі // Социалистік Қазақстан.- 1981.- 1-3 қазан. Әдебиеттер: Ақтөбе: Энциклопедия.- Ақтөбе: Отандастар-Полиграфия ЖШС, 2001.- 330 б. Байғанин ауданы (1928-2008): Энциклопедия.-Ақтөбе, 2008.- 120 б. Жамантаев М. Көзкөрген аға еді: Академик С.Бәйішевтің туғанына 80 жыл толуына // Коммунизм жолы.- 1989.- 29 сентябрь Атағұлов А. Атақты ғалым, қарапайым ұстаз (Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі С.Б.Бәйішевтің туғанына 80 жыл толуына орай) //Ленин туы.- 1989.- 10,14 октябрь Қозыбаев М. Қошанов А. Ғалым ғибраты // Жем-Сағыз.- 1999.- 2 желтоқсан. Дәуірінің дара дауысы // Алтын Орда.- 2001.- 19 қазан. Нұршайықов Ә., Әйтімов З. Өз дәуірінің өр тұлғасы еді (Академик С.Бәйішевтің туғанына 90 жыл толуына орай өткен еске алу кешінен кейін туған ойлар) //Атамекен.- 200.- 18 қаңтар Берікұлы Н. Көшбасшы // Ақтөбе.- 2004.- 28 қазан Есімі мәңгі ел есінде: Жерлесіміз, академик Сақтаған Бәйішевтің туғанына 100 жыл толады // Жем-Сағыз.- 2009.- 23 сәуір Қошанов А. Сақтаған Бәйішев – ғибратты ұстаз,қайраткер // Ақтөбе.- 2009.- 24 қыркүйек |
Copyright © Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі |