ScreenReader       
Басты бетке     Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі      VKontakte facebook instagram Кіру       


Сайт мәзірі  


















































Іздеу:
 
free counters
Free counters

Мәди Айымбетов

Айымбетов Мәди Айтбенбетұлы 1946 жылы 14 қарашада Қостанай облысының Аманкелді ауданында туған. Жазушы. Балалық, жасөспірім шағы Байғанин ауданының Жем-Сағыз өңірінде өтті. Комсомолдың 30 жылдығы атындағы (қазіргі №1 Қарауылкелді), Жарқамыс орта мектептерінде оқыды, «Алтай» кеңшарында жұмысшы болды.

1972 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген соң «Қазақстан пионері» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, 1977-84 жылдары республикалық «Пионер» журналында бөлім меңгерушісі болды. 1984-86 жылдары «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналында аға редактор, 1986-90 жылдары Қазақ КСР Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитетінде көркем әдебиеті бөлім меңгерушісі, республикалық «Ғылым» баспасында Бас редактор қызметтерін атқарды. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің аппаратында жұмыс істеді. Кейінгі кезде Республика парламенті Сенатының редакциялық-баспа бөлімі бастығының орынбасары, қазір осы бөлімнің меңгерушісі. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» мерекелік медалімен, Қазақстан Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.

Мәди Айымбетов – республикадағы танымал жазушылардың бірі, оның алғашқы туындылары «Шілденің күні», «Ертегіден келген бала» т.б. балалар өмірі мен олардың болмыс-тіршілігіне арналды. Жазушы шығармаларында Жем Сағыз өңірінің тарихына байланысты оқиғалар да көркем тілмен баяндалады. ( «Ол дәурен бір көрген түс», «Құм киесі» және басқалары). Жазушы кейіпкерлері замандастары мен өз тұрғыластары.

Мәди Айымбетов шығармалары орыс, украин, белорус, молдаван, түркмен, қырғыз, азербайжан, өзбек, ұйғыр, ингуш тілдеріне аударылып, жарық көрді. Жазушының өзі де бірқатар батыс және орыс қаламгерлерінің туындыларын қазақ тіліне аударды. Олардың арасында швед жазушысы М.Гриленің, латыш жазушысы А.Поцюстің, украин прозашысы А.Головконың, белгілі орыс жазушысы В.Шукшиннің шығармалары бар.

М.Айымбетов шығармалары: «Шілденің күні» (1976), «Ертегіден келген бала» (1978), «Көгілдір соқпақ» (1980), «Көлге шомылған ай» (1984), «Плато голубых цветов» (1985), «Шыққа тұнған нұр» (1989), «Құмөзек хикаялары» (1992), «Ол дәурен бір көрген түс» (1995), «Чаша печали» (1997), «Тылсым» (2001), «Аспан асты, жер үсті» (2002), «Не тверди земной» (2004), «Құла түздегі үнсіздік» (2005), «Нәзік жаңғырық» (2006).

Айымбетов М.

Көгілдір соқпақ: Повестер мен әңгімелер.- Алматы: Жалын, 1980.- 144 б.

Бұл – Мәди Айымбетовтың балаларға арнаған үшінші кітабы. Кітаптағы «Бар болғаны он төрт жас», «Күнікей повестері қала балаларының өмірі жайлы әсерлі баяндалған шығармалар. Ал әңгімелері жүрекке жылы тиер лиризммен оқырмандарды баурап отырады.

Айымбетов М.

Шыққа тұнған нұр: Повестер.- Алматы: Жалын, 1989.- 384 б.

Жазушы Мәди Айымбетов үш повесть-хикаядан тұратын көлемді шығармасы «Шыққа тұнған нұрда» жастардың бойындағы адамгершілік, ізгілік қасиеттердің қалыптасу, өміртанымдық сана-сезімінің ояну сәттерін негізгі кейіпкер Әбіл Әділовтың өсу, есею жолындағы күрделі де қызықты оқиғалары арқылы әңгімелейді.

Жинаққа оқырманға бұрыннан таныс «Күнікей», «Көлге шомылған ай» повестері де еніп отыр.

Айымбетов М.

Аспан асты, жер үсті: Повесть.- Астана: Елорда, 2002.- 168 б.

Повестің бас кейіпкері – дарынды суретші-кескіндемеші Мұнардың өнердегі және өмірдегі тағдыры арқылы қаламгер ғасырлар тоғысындағы бүгінгі күндердің қилы-қилы құбылыстарын көркем де бейнелі зерделейді. Адам болмысындағы рухтылық пен рухсыздық, биіктік пен ездіктің, бір-бірімен тайталас түсіп жататын ақиқаттың мәңгілік тартысы шығарманың өзегіне шымыр да шебер өріліп, оқырманды сыршыл да нәрлі тілінің ырғағымен баурап отырады.

Жазушы Мәди Айымбетовтың бұл шығармасы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған таңдаулы көркем шығармаларға жарияланған республикалық конкурстың жүлделі орнын иеленген.

Айымбетов М.

Құла түздегі үнсіздік: Хикаяттар, әңгімелер.- Алматы: Жазушы, 2005.- 280 б.

Белгілі жазушының бұл кітабына таңдамалы хикаяттар мен әңгімелері енді. Мәди шығармаларында ауыл адамдарының тағдыр-талайы, туған жер табиғаты соншалық бір ыстық перзенттік сезіммен шынайы ды шырайлы суреттеледі.

Айымбетов М.

Құмөзек хикаялары: Хикаяттар мен әңгімелер.- Алматы: Раритет, 2007.- 256 б. – «Алтын қор» кітапханасы.

Жазушының бұл кітабына қазақ оқырмандарына бұрыннан таныс таңдаулы хикаяттары мен әңгімелері жинақталған. Талантты қаламгер өзінің шығармаларында өмір шындығын шынайы өрнектеп, кейіпкерлерінің жан дүниесін, психологиясын терең де нәзік иірімдермен бейнелеу арқылы адам әлемінің тұтастай бір сипатын алға тартады.

 
Copyright © Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі